Петропавл тұрғыны 20-дан астам студентті алдап, несие рәсімдетті

Ulysmedia

Петропавлда бірнеше ай бойы алаяқтықпен айналысып, студенттерге несие ресімдеткен 18 жастағы бозбала ұсталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, 18 жастағы Петропавл тұрғыны студенттерді алдап, несиеге телефон алғызған. Жәбірленушілердің айтуларынша, жас жігіт оларды интернет арқылы тауарды несиеге алуға үгіттеген және кейін акция шарты бойынша несиені өтеудің қажеті болмайды – қарыз кешіріледі деп сендірген.

Алаяқтың арбауына түскендер ұялы телефон сатып алған. Оны белгілі бір сыйақыға жігітке өткізген. Алайда уақыт өте келе олар уәде етілгендей несиелерінің жабылмағанын көрген. Полиция басқармасына 20-дан астам арыз түскен. Тәртіп сақшылары алданып қалғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екендігін айтты.

Жәбірленушілердің әрқайсысы орта есеппен 200 мың теңгеге дейін шығынға батқан. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қылмыс жасады деген күдікпен 18 жастағы қала тұрғынын ұсталды.

«Күдіктінің сөзінше, ол тамыз айынан бастап осы тәсілмен жастарды алдай бастаған. Тергеушілер қазір барлық мән-жайды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде осы істегі эпизодтар 20-дан асады. Зардап шегушілер Петропавлдың оқу орындарының студенттері», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Әлнұр Ахмедьяров.

Алаяқ қымбат телефондарды арзанға қала базарларына өткізіп отырған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.