Жаңаөзен оқиғасына 10 жыл: Ноғаев журналистің сұрағына жауап бере алмады

Ulysmedia

Орталық коммуникациялар алаңына келген Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа осыдан 10 жыл бұрын тіркелген Жаңаөзен оқиғасына байланысты сұрақ қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Брифинг барысында «The Qazaq Times» ақпарат көзінің тілшісі Асан Анарбайұлы Қазақстанда Жаңаөзен оқиғасына биыл 10 жыл болатынын әкімнің есіне салды.

«Жаңаөзен оқиғасы кезінде түрлі деңгейде жарақаттанған және соның салдарынан зардап шегіп, созылмалы ауруларға шалдыққан адамдарға қандай да бір облыс әкімдігі тарапынан ынталандыру, қолдау көмек беріле ме? Бұл Қазақстандағы ең ірі қайғылы оқиғаларының бірі. Облыс деңгейінде жағымды ең болмағанда қолдау тұрғысында не атқармақсыз?» - деді журналист.

Әкім бұл сұрақты күтпеген болуы керек. Аздап сасқалақтағаны байқалды.

«Бұл оқиғаға қатысты 72 адам зардап шегіп, 16 адам қайтыс болды деп шешілді (...) Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына, жақындарына кезінде де қаржылық, материалдық, әкімшілік қолдаулар көрсетілді. Ол қолдаулар қазір де көрсетіліп келе жатыр. Аталып өткен басқа азаматтарға да (Жаңаөзенде немесе басқа қалаларда тұратын) «Өзен-мұнай газ» компаниясы қажет деңгейде қаржылық және әкімшілік қолдау, емдеу шараларына қолдау көрсетіліп келе жатыр. Қандай да бір сауал болса арыз-шағымға сәйкес қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті шараларды алып отырмыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Асан Анарбайұлы осы ретте журналистер бірнеше деректі фильм жариялағанын, қаншама отбасының мүшелері денсаулық жағдайына байланысты (Жаңаөзен оқиғасының салдарынан) қайтыс болып жатқанын атап өтті.

«Олардың мәселелерін арнайы өзіңіз мониоринг жүргізіп, қолдау көрсетейік деген бастама сіз тараптан болды ма? Олар не үшін арыз-шағым жазуы керек?» - деді ол.

Алайда әкім жарытып ештеңе айтпады.

«Бұл шараға қатысты қолдаулар толыққанды көрсетіліп келе жатыр. Егер қолдаулар біздің көңілімізден шықпайды, басқа қолдау көрсетіңіздер десе, заң аясында көрсетуге дайынбыз. Сол оқиғадан кейін қайтыс болып жатыр дегендерге қатысты: бұл дүниеге келген соң қайту да бар. Оның тап сол оқғиадан қайтыс болды деуге болмайтын шығар», - деді ол.

Асан Анарбайұлы осыдан кейін әкімге «сіз сол оқиғадан кейін 12 жыл бойы ондаған ота жасаған маңғыстаулық туралы білсеңіз, бұлай айтпас едіңіз» деп тікелей байланыстан шығып кетті.