Павлодарда ғасырдан астам тарихы бар диірмен сүрілді

Әлихан Асқақ

Павлодар қаласында 114 жылдық тарихы бар Тиссен диірменінен қалған кірпіш қабырғалар сүрілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Baq.kz мәліметіне қарағанда көне ғимарат мәдениет және сәулет ескерткіштерінің тізімінен 20 жыл бұрын алынып тасталған. Сол себепті нысан иесі кезінде дүркіреп жұмыс істеген нысанды бұзу туралы шешім қабылдаған.

Өлкетанушы Людмила Баюшеваның айтуынша, 1910 жылы Ертіс өзеніне жақын аумақта күйдірілген кірпіштен төрт қабатты ғимарат салынған. Бұл – облыс орталығында пайда болған бумен жұмыс істейтін бірінші ұн тарту диірмені.

Диірменде жоғары сұрыпты бидайдан ұн өндірілген. Неміс кәсіпкері Иоганн Тиссеннің жоғары сапалы өнімі сол кезде халықаралық көрмелерде алтын медальдарға ие болған. Ал Кеңес дәуірінде бу диірмені жұмысын тоқтатпай, алып комбинатқа айналған. Осылайша, бұл кәсіпорын ХХ ғасырдың басындағы өнеркәсіптік мәдениет ескерткіші ретінде арнайы тізімде болған. 2003 жылға дейін мемлекеттің қамқорлығында болған. Алайда, кейін жер учаскесі мен әбден ескірген ғимарат жеке тұлғаға сатылып кеткен, - дейді өлкетанушы.

Ғимарат Павлодар қаласының тарихи бөлігінде орналасқан. Қазіргі таңда бұл аумақта бірнеше музей, театр және кезінде көпестер салған ғимараттар бар. Олардың барлығы тарихи және сәулет ескерткіштерінің қатарына енгізіліп, бүгінде мемлекеттің қарауында.

Дегенмен, бірнеше жыл бұрын қазіргі Астана көшесінің бойындағы ХІХ ғасырдың соңында бой көтерген «Халық үйінің» ғимараты да реестрден алынып тасталып, жекенің қолына өтіп кеткен.