Қостанай облысы, Қостанай ауданының прокуратурасы талдау барысында мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АУЫЛДАҒЫ СУ ҚҰБЫРЫ
Мәселен, аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі мен мердігер ұйым арасында жалпы сомасы 859,6 млн теңгеге Мәскеу ауылына су құбырын салуға шарт жасалған.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабы 9-тармағына сәйкес өнім беруші шарттың орындалуын 89,4 млн теңгеге қамтамасыз етуді енгізген.
Шарт бойынша нысанды тапсыру мерзімі 2023 жылғы 20 шілдеге жоспарланған, алайда мердігер ұйым іс жүзінде жұмыс істемеген, нәтижесінде шарт біржақты тәртіппен бұзылған.
ОРЫНДАЛМАҒАН КЕЛІСІМ
Өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты Мемлекеттік сатып алу туралы шарт бұзылған жағдайда шарттың орындалуын қамтамасыз ету өнім берушіге қайтарылмайды (Заңның 43-бабының 12-тармағы), бірақ тиісті бюджеттің кірісіне есептеледі, – делінген аудандық прокуратура таратқан ақпаратта.
Заң талаптарына қарамастан, тапсырыс беруші құрылыс бөлімі атынан мемлекет кірісіне соманы өтеу жөнінде шаралар қабылдамаған.
Аудан прокуратурасының араласуынан кейін сот тәртібімен 89,4 млн теңге өндіріліп, мемлекет кірісіне өтелді.