СҚО-да оқушы сыныптасын пышақтап тастаған

Әлихан Асқақ

Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданында мектеп оқушысы сыныптасын пышақтап тастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Қылмыстық іс қозғалды.

ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгін Тимирязев аудандық ауруханасына пышақ жарақатымен 2009 жылғы жасөспірім түскен.

Оң жақ иығынан жарақат алған. Қазір аудандық ауруханада жатыр. Жарасын тікті. Жағдайы тұрақты, – деді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталған.

Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ата-анасының кепілгерлігімен босатылды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

АТА-АНАСЫ ЖАУАПТЫ

Құқық бұзушының жасын ескере отырып, полиция қызметкерлері ата-анасын бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жасөспірім профилактикалық есепке алынады. Сондай-ақ, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді, – делінген баспасөз хабарламасында.