Жаңатас қаласындағы төтенше жағдай салдары толығымен жойылды

Қалижан Бектемір

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жаңатас қаласында болған төтенше жағдай зардаптарын жою бойынша атқарылған жұмыстарды көрді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: gov.kz

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 7 шілдеде Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, 400 аула, 56 үй мен бір мектептің жертөлесін су басқан.

Бүгінде қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталған.

Залалды бағалау жөніндегі 4 арнайы комиссия құрылды. 3 тұрғын үй жарамсыз деп танылды. Нәтижесі бойынша 1 үйдің құрылысы жүргізіліп, екі отбасыға баспана сатып алынды.

Ал 53 үй жөндеуден өтті.

63 тұрмыстық техника мен жиһаздың зақымдалғаны анықталды. Шығын көлемі 4,8 млн теңгені құрайды.

600 үй мен ауласы дезинфекцияланды. 9 жарық бағанасы реттеліп, жаңадан бесеуі орнатылды.

Бұдан бөлек, бүлінген жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатар көше арық және дренаж жүйесімен жабдықталды.

Ербол Қарашөкеев жаңатастықтардың хал-ахуалын көріп, қалпына келтіру жұмыстары бойынша пікірлерін тыңдады.

Басымызға іс түскенде қолдауды сезіндік. Уәде етілген уақытта баспанаға ие болып отырмыз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді жаңатастық Смағұловтар отбасы.

Құрылыстың басы-қасында жүріп, жаңа баспанға ие болған ақ жаулықты анна Айткүл Құлжабайқызы батасын жаудырып, ел мен жердің амандығын тіледі.

Сондай-ақ биыл Жаңатас қаласындағы 12 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Ербол Қарашөкеев құрылыс барысымен танысып, баспаналарды жаңғырту кезінде сапаға баса мән бере отырып, тұрғындар тілегін назарға алуды ескертті.

Бұдан соң қаланың жылыту маусымына дайындығын тексеру мақсатында орталық қазандыққа барды. Бүгінде қазандықты газдандыру жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. 4 дана Bosch су қыздыру қазандығы, 1 дана Bosch бу қазандығы орнатылды.

Сонымен бірге желілік сорғылар мен түтін құбыры толығымен жаңартылды.

Облыс әкімі тарихы терең «Сауда кент» қалашығымен танысып, аудандағы жұмыс сапарын түйіндеді.