Алматыда экотуризм проблемалары талқыланып жатыр (ТІКЕЛЕЙ ЭФИР)

Ulysmedia

11-12 желтоқсан күндері Алматы қаласында «Табиғи туризм: жаһандық сын-қатерлер және Қазақстанның келешегі» тақырыбында республикалық конференция өтеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

Шарада Орта Азия  және Қазақстанда экологиялық туризмді дамыту мүмкіндіктері, ұлттық парктердегі инфрақұрылымды дамыту, табиғи туризм арқылы өңірлердің экономикалық әлеуетін өсіру, тұрақты даму және ең бастысы табиғи алуантүрлілікті барынша сақтап қалу, жануарлар әлемін қорғау мәселелері ортаға салынады.

Іс-шараға  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері, еліміздегі ұлттық парктер мен табиғи қорықтардың басшылары, халықаралық қорлар, жоғары оқу орындары, зерттеу институттары, экологиялық және қоғамдық ұйымдар, қоғам қайраткерлері және БАҚ қатысады. 12 қарашада Іле-Алатау ұлттық паркіне танымдық экскурсия ұйымдастырылып, Ұлттық парктер саммиті өтеді.

Конференция ұйымдастырушысы – «Елім-ай» Ұлттық Экологиялық туризм ассоциациясы.

Табиғи туризм бүгінгі заманның динамикалық трендтерінің бірі. Әлемдік нарықта экотуризм саласындағы маршруттарға сұраныс бірнеше жылдан бері қарқынды өсіп  келеді. Әлемдік статистикаға сәйкес, экотуризм жыл сайынғы өсімнің 10-15% -ын құрайды, пандемия кезінде әлемдік туризмде оның үлесі 30% - ға дейін жоғарылады. Орталық Азия адам қолы тимеген және бастапқы қалпы бұзылмай сақталған табиғи объектілердің көптігімен экотуризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Тек бір ғана Қазақстанның өзінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 26 млн гектарды құрайды, бұл экотуризмі жақсы дамыған бірқатар елдерге қарағанда он есе үлкен.