Жанармайдан тапшылық көрген Түркістан облысына қосымша бензин жеткізіледі

Ulysmedia

ҚР Энергетика министрлігі Түркістан облысы әкімдігі өкілдерінің, Шымкент МӨЗ және жанар-жағармай стансалары желілері өкілдерінің қатысуымен Түркістан облысына мұнай өнімдерін жөнелту мәселелері бойынша Шымкент қаласында көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Ведомствоның мәліметінше, Түркістан қаласына дейін мұнай өнімдері ақылы автожол арқылы жеткізіледі. Бұл өнімнің түпкілікті құнына әсер етеді. Кеңес қорытындысы бойынша қазіргі таңда Шымкент МӨЗ штаттық режимде жұмыс істейді, зауытта мұнай өнімдерін өндіру жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар жанар-жағармай құю станцияларына мұнай өнімдерін үздіксіз сатуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарына Түркістан облысының ЖҚС желілеріне жанар-жағармайды басымдықпен жөнелту бойынша шұғыл шаралар қабылдау тапсырылды.

Қазіргі уақытта негізгі ЖҚС-да сауда шектеусіз жүріп жатыр. Жергілікті автожанармай құю желілеріне мұнай өнімдерін жөнелтуді алдын ала жоспарлау, сондай-ақ ЖЖМ резервтік қорын қалыптастыру ұсынылды. Сонымен қатар қараша айында бензин өндірісінің көлемі 444,5 мың тоннаны құрады (оның ішінде «ПКОП» ЖШС – 171,3 мың тонна).

Желтоқсанда жоспарланған өндіріс көлемі 447,4 мың тоннаны құрайды (оның ішінде «ПКОП» ЖШС-172,9 мың тонна). Бензиннің орташа тәуліктік өндірісі – тәулігіне 15,7 мың тонна, ірі МӨЗ-де жөнелту – тәулігіне 14,5 мың тонна. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Түркістан облысында (Шымкент қаласын қоса алғанда) бензиннің жиынтық қалдығы - 14,2 мың тонна. «Бұл ретте 10 желтоқсанда бензиннің жалпы қоры 15,4 мың тоннаны құрады, қалған қордың 1,2 мың тоннаға өскенін атап өтеміз» деп мәлім етті министрліктен. Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Түркістан облысында жанармай тапшылығы туындаған болатын. Кейбір бекеттер бензин мен дизель отынын бірден қымбаттатып жіберген.