Ақтауда қала ішінде жаңа ғимарат салу қала тұрғындарының наразылығын тудырды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс Caspian Riviera Grand Palace қонақүйінің жанындағы 4А шағын ауданында басталған.
«Ескі қала аумағында құрылыс жүргізуге тыйым салынды. «Жартасты жол» үңгірінің үстінен ғимарат бой көтеріп жатыр», – дейді Ақтау тұрғыны.
Қала әкімдігі Caspian Riviera Grand Palace қонақүйінің кеңеюіне байланысты сауықтыру және ойын-сауық кешенінің құрылысына жер телімінің бөлінгенін хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы No 750 бұйрығына сәйкес «4А» шағын ауданындағы No41 учаскеде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» құрылыс саласында лицензиялау рәсімдерін әзірлеу және атқаруға рұқсат берілді. Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі сәулет-жоспарлау тапсырмасын беріп, жоба келісілді», – деп жауап берді жергілікті әкімшілік.