«Бөрте»: 246 млн теңге ұтып алған компания театрға айыппұл төлейді

Ulysmedia

246 млн 750 мың теңге жұмсалған «Бөрте» спектаклінің өткізу-ұйымдастыру шараларына жауапты компания Түркістан музыкалық театрының пайдасына 493 мың 500 теңге көлемінде айыппұл төлейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы Түркістан музыкалық драма театрының «Бөрте» спектаклін өткізу бойынша мемсатып алу шарт мәтініне өзгеріс енгізілді.

Онда «Шарттың талаптарына сәйкес, өнім беруші тапсырыс берушінің пайдасына 493500 теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын төлейді», деп көрсетілген.

Скрин: goszakup.gov.kz

Яғни өнім беруші ретінде таңдалған «A-Event KZ» ЖШС шарт талаптарын толық орындамаған болуы мүмкін. 

«A-Event KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры әрі құрылтайшысы – Жұмажан Қалтаев. Бұл компания 2016 жылдан бері 40 мемлекеттік сатып алуға қатысып, 39 рет тікелей бір көзден алып келген.

Еске сала кетейік, «Бөрте» қойылымының бюджетіне қатысты қоғамды түрлі пікір айтылды. Олардың кейбірі Түркістан облысының ең кедей әрі балалар суициді бойынша алға шыққан өңір екендігін алға тартып, 246 млн теңгені бір спектакльге бөлуді орынсыз ысырап деп санайды. Қойылымның бас қаладағы гастрольдік сапары үшін 32 млн теңгеден астам қаржы жұмсалғанын бұған дейінгі арнайы репортажда хабарлаған болатынбыз.