Атырау облысындағы тасқын: бизнесмендер бөлген 30 млрд теңге қайда жұмсалды

Аян Өрібай

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсарыдағы тасқынға не себеп болғанын және осындай тасқынның алдын алу үшін не істеліп жатқанын айтып берді. Одан сонымен бірге өңірге бизнесмендер бөлген 30 млрд теңге қайда жұмсалғаны сұралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ӘКІМГЕ СҰРАҚ

Атырау облысында тасқынның салдарын жою үшін бизнес өкілдері 30 млрд теңге бөлгені белгілі. Осы ақша нақты неге жұмсалды? Жалпы Құлсарыдағы тасқынға нақты не себеп болғанын ашып айтып бере аласыз ба? Комиссия қандай шешімге келді? Осы оқиғадан кейін қандай сабақ алынды?

Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты бүгін Астанада есеп берген әкім Серік Шәпкеновке қойды.

30 МЛРД ТЕҢГЕ ЖАЙЛЫ

– Барлық түскен қаражатқа Құлсары қаласындағы 2600-ден астам адамға өтемақы, көмек көрсетілді. Соған жұмсалды, – деді ол.

ҚҰЛСАРЫДА ТАСҚЫНҒА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ

Әкімнің айтуынша, негізгі себеп – табиғатпен байланысты: Шәпкенов осыған дейін судың көлемін Қазгидромет арқылы қарап, зерделеп, соған қарай қоршау бөгеттерін салып, дайындық жұмыстары жүргізілгенін, бірақ су мөлшерден өте көп келгенін айтты.

– Өздеріңіз де аэро, видеотүсірілімнен көрген шығарсыздар. Жем өзенінің екі жағынан тасып кетті. Сондықтан, негізгі себептердің бірі осында, – дейді ол.

Әкімнің сөзінше, Жем өзені мен одан тарайтын ұсақ өзендердің сағасын суды бітеуі мүмкін қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ең биік жерден бөгет тұрғызылады. Билік тарапы осылай, су тасқынының алдын алмақ.

БЕКТЕНОВТІҢ ЕСЕБІ

Биыл қыркүйекте су тасқынының салдарын жоюға байланысты премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді. Оның сөзінше, 7 463 отбасы жаңа қонысқа көшкен.