Каспий теңізініің тартылуы кейінгі жылдары Қазақстанның транзиттік әлеуетіне сын-қатер төндіре бастаған. Сенатор Сүйіндік Алдашев үкімет осы мәселеге назар аударуы керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘСЕЛЕ НЕДЕ
Сенатордың сөзіне, Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету жобасы Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 ж. арналған кешенді жоспарына енгізілген. Құны 42 млрд теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Алайда құны 20 млрд теңге құрайтын 2025 жылы басталуы тиіс жобаға қаражат көзі қаралмағаны анықталып отыр. Бұл өз кезегінде жобаның уақытында іске аспай қалуына әсерін тигізеді.
Алдашевтің айтуынша, қаржыландырудың болмауы елімізге стратегиялық маңызды жобаны жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін. Қауіпсіз навигацияны қамтамасыз ету, жүк ағынын арттыру және маршруттағы кедергілерді жою үшін түбін тереңдету қажет. Бұл шаралар атқарылмаса Транскаспий маршрутының тұрақтылығына қауіп төнеді, ал Қазақстанның транзиттік әлеуеті жүзеге аспай қалады.
Жоғарыда айтылған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Ақтау порты акваториясы теңіз түбін тереңдету 1-кезең жұмыстарын уақытында атқару мақсатында жобаны қаржыландыруға қаражат бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Бұл өз кезегінде еліміздің көлік логистикалық әлеуетін арттыру бағытында зор мүмкіншіліктер береді деп сенеміз, - деп атап өтті депутат.
ҚАРТ КАСПИЙДІҢ ҚАЙҒЫСЫ
БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, XXI ғасырдың ортасына қарай экологиялық дағдарыстың салдарынан бес миллионға жуық адам өз үйінен безіп кетуі мүмкін. Тіпті қазірдің өзінде ғалымдар Атырау облысында 700 мыңға жуық тұрғын «экологиялық босқынға» айналуы мүмкін екенін ескертеді. Мұның басты себебі – Каспий теңізінің экожүйесінің бұзылуы. Мұнай шексіз өндіріліп, қоршаған ортаны қорғаудың тиімді әдістері қолға алынбай, теңіз суы тартылып барады.
Ulysmedia.kz YouTube арнасында жақында осы мәселеге байланысты үлкен зерттеу материал жариялаған еді.