Осыдан үш жыл бұрын Павлодардағы Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған гимназия оқушысы Ержан Оспанов қылмысты ашуға көмектескен болатын, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Pavlodarnews.kz-ның мәліметінше, қазіргі уақытта Л. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің екінші курс студенті сол күні кішкентай қызды аман алып қалып, қылмыскерді қолға түсіруге жәрдемдескен.
«Күнделікті өмірдегідей жай ғана мектепке бара жатқан едім, кенет «көмектесіңдер» деген айқай естідім. Қарасам, бір еркек кішкентай қызды қолына ұстап әкетіп бара жатыр екен. Мен жасырынып барып секірдім де, алдын бөгеп тастадым. Қыз қолынан түсіп кетті де, жүгіре жөнелді. Қызды өткізіп, өзім айқайға бастым. Ол шошыған болса керек – қашып кетті», - дейді Ержан Оспанов.
Дегенмен, педофил алысқа ұзап кете алмады. Жас жігіт полицейлерге білгенін айтқаннан соң, тәртіп сақшылары оны дереу қолға түсірді.
Осы ерлігі үшін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Ержан Оспановқа «Тәуелсіздік ұланы» медалі мен 145 850 теңге сыйақы табыс етті.