Қауіпті ме: Ақтауда қызғылт түсті қар жауған

Сымбат Сатыбалдина

Ақтаулық тұрғындар қалада қызғылт түсті қар жауғанын байқаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Lada.kz

ТАБИҒИ ҚҰБЫЛЫС ПА

Ақтаулық тұрғындар қардың суреттерін Lada.kz басылымына жіберген. Олардың айтуынша, қала шетінде жауған қар қызғылт түске боялған. Мұндай сирек кездесетін көрініс жұрттың қызығушылығын тудырып, экология мамандары да мәселенің мән-жайын анықтауға тырысып жатыр.

“ӨЗ КӨЗІМЕ СЕНБЕДІМ”

Қызғылт түсті қарды алғаш байқаған тұрғындардың бірі бұл көріністің фотокамерада онша анық көрінбейтінін, бірақ шынайы өмірде көзге анық байқалатынын айтты.

— Сыртта жүргенде қардың әдеттегіден өзгеше екенін байқадым. Басында маған солай көрінді ме деп ойладым, бірақ қасымдағы әріптестерім де растады. Кейін интернеттен іздеп, бұның ғылыми негізі бар екенін білдім. Себебі осындай қардың пайда болуына суық климатта өмір сүретін ерекше балдырлар әсер етуі мүмкін екен, деді оқиға куәгері.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ

“Эко Маңғыстау” ұйымының директоры Кирилл Осин бұл түстің пайда болуы жай ғана оптикалық иллюзия болуы мүмкін деп болжайды. Алайда ғылыми деректерде “қарбызды қар” немесе “мұздық қаны” деп аталатын ерекше құбылыстың бар екені айтылады.

Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, қардың қызғылт түске боялуы Chlamydomonas nivalis деп аталатын суыққа төзімді микроскопиялық балдырлардың әсерінен болуы мүмкін. Бұл балдырлар күн сәулесі түскен кезде арнайы каротиноид пигменттерін бөледі. Дәл осы пигменттер сәбізге қызғылт-сары, қызанақ пен болгар бұрышының кейбір түрлеріне қызыл түс беретін заттармен ұқсас. Осыған байланысты қарға да ерекше реңк беріледі.

ҚАУІПТІ ҚҰБЫЛЫС ПА

Ғалымдар “қызғылт қардың” кейде жеміске ұқсас жеңіл иіс шығаратынын, бірақ оны жеу дұрыс емес екенін ескертеді. Себебі балдырлардың кейбір түрлері улы болуы мүмкін, ал оларды көп мөлшерде тұтыну адам ағзасына зиян болуы мүмкін.

Мұндай қар құбылысы көбінесе Калифорниядағы Сьерра-Невада тауларында, сондай-ақ Арктика мен Антарктида секілді суық аймақтарда жаз мезгілінде байқалады. Ал Ақтауда қардың өзі сирек жауатындықтан, бұл құбылыс бұрын-соңды болмаған.