Зайсанның мұнайын Қытайға сатқалы жатыр

Аян Өрібай

Кейінгі кезде Шығыс Қазақстандағы «Сарыбұлақ» кен орны жайлы жиі айтыла бастады. Газ шыққан аймақтан енді мұнай өндіру амалдары қарастырыла бастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Кен орнын игеріп жатқан «Тарбағатай Мұнай» компаниясы жайлы БАҚ-та бұрын көп жазылған. 2023 жылы Жоғарғы сот газ өндіретін кәсіпорын 2015-2019 жылдар аралығында газды әлемнің нарықтық бағасынан құнын төмендетіп сатып, шетелге жөнелтті деп танып, 6 млрд теңгеден астам сома салық төлеуге міндеттеген еді. «Мұны төлей алмаймыз, банкрот боламыз» деген кәсіпорынның басшылары депутат Ермұрат Бапиға хат жолдаған. Мәжілісмен парламентте компанияның мәселесін көтеріп, әңгіме 6 емес, 10 млрд теңге жайлы болып отыр деген еді. Депутат сол тұста «Тарбағатай-Мұнай компаниясын салық қыспағынан құтқаруға» шақырып, тағы бір мәселені көтерген.

Компания құрылтайшылары газшыларды жұмыссыз қалдырмас үшін жердің терең қабатында жатқан ауыр мұнай қорына барлау жасаған. Анықталған көлемі 100 млн тонна болатын осы ауыр мұнайды өндіріп, Қытайдың Қарамай зауытына дейін құбыр тартып, өңделген өнімнің үлесі арқылы табыс табуды көздеп отыр. Бұл өндіріске 200 миллион доллар инвестиция жұмсауға ықыласты Гоңкоң компаниясы дайын тұр, - деген еді депутат.

Алайда үкіметтің бұрынғы басшысы Әлихан Смайылов компанияны қосымша салық пен айыппұл төлеуден босату туралы ұсынысын құптамады.

ТҮПКІ БЕНЕФИЦИАРЫ – ҚЫТАЙ АЗАМАТЫ

«Тарбағатай Мұнай» компаниясы Тарбағатай және Зайсан өңіріндегі Сарыбұлақ кен орнында мұнай ұңғымаларын салуды жоспарлап отырғанын, аталмыш компанияның түпкі бенефициары Қытайдың Сан Гуансинь деген азаматы екенін Кursiv.media басылымы жазған еді. Экологиялық порталда жариялаған жоба бойынша, Сарыбұлақ кен орнында 64 мұнай ұңғымасын салу қарастырылған. Бұл кен орнынан тәулігіне 464 тонна мұнай, 17168 текше метр газ өндіру жоспарланған.

Жақында мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған бір топ депутат «Сарыбұлақ» кен орнынан айтарлықтай болжамды қоры бар ауыр, тұтқырлығы жоғары екі мұнайлы қабат анықталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, «Сарыбұлақ» құрылымын жете барлап, битум зауытын салып, кен орнын игеруді бастау қажет. Бұл жұмыстар айтарлықтай қоры бар мұнай кен орнын игерумен қатар битум тапшылығының төмендетеді.

ҮКІМЕТ НЕ ДЕП ЖАУАП БЕРДІ

Мәжілісмендердің сауалына берген жауабында жазылғандай, ұлттық экономика министрлігі биыл 24 қаңтарда инвестициялар тарту жөніндегі кеңес отырысының хаттамасын орындау шеңберінде Сарыбұлақ кен орнын рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, су басқан, өнімділігі аз және игерілген кен орындарының тізбесіне енгізу туралы «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-нің өтінішін пысықтай бастаған. «Қазір инвестормен бірлесіп жобаның барлық техникалық параметрлері пысықталып жатыр, содан соң ол экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына шығарылады» делінген жауапта. Қазір Қазақстанның энергетика министрлігі мен «Тарбағатай Мұнай» ЖШС жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделетін тиісті қарсы міндеттемелер бойынша келіссөздер жүргізу үстінде.

Осы кен орнының мұнайын отандық ірі мұнай өңдеу зауыттарында (Атырау, Павлодар және Шымкенттегі МӨЗ-ге) өңдеу мүмкіндігі болмаған жағдайда инвестор өндірген мұнайды экспортқа беру мүмкіндігін қарастыру жоспарлануда, - делінген Олжас Бектеновтің жауабында.

Энергетика министрлігі қарсы инвестициялық міндеттемелер қабылдау шартымен «Тарбағатай Мұнай» ЖШС ұсынған дайындық кезеңіндегі күрделі құрлық жобаларына жақсартылған модельдік келісімшарт механизмінің қолданылуын кеңейту үшін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулерді қарастырып жатыр. Бұл түзетулерді жоғарыда аталған заң жобасына да енгізу жоспарланған.

ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ

Өткен аптада Ulysmedia.kz тілшісі энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтан Сарыбұлақ кен орны жайлы сұраған.

Расында да, Зайсан ауданында газ кен орыны бар. Сол газды қазір Зайсан ауданының газын тұтынып отыр. Алайда Қытай инвесторлары Сарыбұлақ кен орнында мұнай қорлары бар дейді. Қытай инвесторлары қазір геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көлемін қазір білмейміз, - дейді ол.

«Егер мұнай табылса, олар мұнай күйінде таси ма?» деген сұраққа Жамауов «олар әлі өндіріп бастаған жоқ. Қорларын алдымен дәлелдеп берсін. Содан кейін біз келісімшартқа олармен отырамыз. Қалай болады? Қайда тасымалдайды? Әзірге белгісіз» деп жауап берді.