«Кредитіміз бар»: айлығы түспеген «Атырау» футболшылары алаңға шықпай қоямыз деп қорқытты

Сырым Қаржас

"Атырау" футбол клубының ойыншылары облыс әкімі Серік Шәпкеновке видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

Ақжайық басылымының мәліметінше, ашық үндеу интернетте жарияланған. Үндеу авторларының айтуынша, клубтың бүкіл ұжымы, оның ішінде техникалық персонал, жаттықтырушылар және ойыншылар үш айдан бері еңбекақысын алмаған. Ал облыстағы басқа қаржыландырылатын спорт ұйымдарына қаражат бөлінгені айтылады.

Футболшылардың айтуынша, қазір облыстық спорт басқармасының басшысы клубқа қаржы бөлмей отыр, алайда бұл қаражат облыстық бюджетте қарастырылған. Олар көптеген қызметкердің несиелері бар екенін, отбасын асырау қажеттігін ерекше атап өтті.

Әлеуметтік желілерде 19 наурыздан бастап клуб қызметкерлері жұмысқа шықпайтыны туралы ақпарат тарады. Егер олардың талаптары орындалмаса, ойыншылар 30 наурызға жоспарланған «Ақтөбе» клубына қарсы матчқа қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін прокуратура жалақы кешіктірілген коммуналдық кәсіпорынға қатысты жағдайға араласқан болатын.