Атырауда ауа сапасы 10 есе нашарлаған – кәсіпорындар тексеріледі

Сырым Қаржас

Атырауда экология департаменті ірі кәсіпорындарға қатысты жоспардан тыс тексерістер тағайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Экологтардың мәліметінше, 17-18 наурыз күндері №17 және №114 «Загородная» бақылау бекеттерінде күкіртті сутектің концентрациясы шекті рұқсат етілген деңгейден (ШРМ) 1-4 есеге асып кеткен.

18-19 наурыз аралығында «Мирный» станциясында («АНПЗ» ЖШС) күкіртті сутек мөлшері нормадан 4 есе жоғары тіркелсе, «Перетаска» станциясында 1 есе артқан. №103 «Шағала» станциясында бұл көрсеткіш 5 есе, №109 «Шығыс» станциясында 8 есе, №111 «Жилгородок» станциясында 4 есе, №112 «Әкімдік» станциясында 10 есеге жеткен. Сонымен қатар, №113 «Авангард», №114 «Загородная» және ПНЗ №5 «Құрсай» бекеттерінде шекті мөлшерден 1-5 есе жоғары деңгейде ластану анықталған, деп хабарлайды Ақ Жайық.

Мамандар тұрғын үй алаптарындағы атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізді. Сынамалар «Квадрат» булану алаңында, Атырау қаласынан 5 шақырым радиуста, сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ-ның санитарлық-қорғау аймағының оңтүстігінде және Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғау аймағынан тыс аумақта алынды. Нәтижесінде «Квадрат» булану алаңында шекті рұқсат етілген деңгейден асып кету фактісі тіркелді.

Қазір Экология департаменті қаладағы ірі кәсіпорындардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауын тексеру мақсатында жоспардан тыс тексерістер тағайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, өткен жылдың наурыз айында Атырауда ауаның жоғары және экстремалды деңгейде ластанғаны тіркелген болатын.