Нұрлан Ноғаев Жаңаөзендегі наразы топпен кездесті

Ulysmedia

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласындағы сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етуші автокөлік иелерімен кездесті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: әкімдік

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұрлан Ноғаев жиналғандарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Жаңаөзен қаласындағы жағдайға қатысты Үкімет қабылдаған шараларды түсіндірді.

Қазіргі таңда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.

Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша бірқатар шараларды іске асырады. Өңір басшысы облыстағы АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатын болады.

Айта кетейік, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады.

Облыс әкімі жиналғандарды мәселені заң аясында шешуге шақырды.