Сарыағашта 550 млн теңге жымқырған білім бөлімінің басшылары мен бухгалтерлер сотталды

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Түркістан облысында аудандық білім бөлімінің басшылары және 8 бухгалтер сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Сарыағаш аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшылары Б. Майриховқа, Н. Усипбековке, Д. Акатовқа және 8 бухгалтерге қатысты үкім шығарды.

Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы ретінде аудару арқылы 550 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

СОТ ШЕШІМІ

Акатов пен Майрихов 7 жылға, Усипбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сол үкіммен бухгалтерлер бас бостандығынан айыру, шартты түрде бас бостандығынан айыру және бас бостандығын шектеу түріндегі түрлі жазаларға сотталды. 

Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды, сондай-ақ қаржы ұйымдарында 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады. 

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.