Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» резерватында өрттен қалған ағаштар аукционда қалай сатылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
УЧАСКЕЛЕР БЕКІТІЛЕДІ
Үкімет отырысында журналистер министрге осы мәселеге байланысты сұрақ қойған. Семей орманы өртенгеннен кейін ағаш қалдықтары аукционда сатылатыны жөнінде ақпарат ресми сайтта жиі шығады. Қайта-қайта аукционға шығарылғанына қарағанда ағаш саудасы қызу жүріп тұрмаса керек.
Бұл жерде ағашты сату емес, өртенген алқаптарды игеру үшін бекітіп беру жөнінде аукциондар өткізіледі. Былтыр ондай жұмысқа қызығушылық танытқандар аса көп болмады. Біз шамамен 1,5 миллион текше метр ағаш көлеміне аукцион өткіздік. Әңгіме 63 мың гектар аумақ жайында болып отыр, – деді министр.
Нысанбаевтыцң сөзінше, жалпы көлем 6 миллион текше метр болса, соның небәрі 10-15 пайызы ғана құрылысқа жарамды. Қалғаны – өтімділігі жоқ, құрылыс материалы ретінде пайдалануға келмейді. Сол себепті сұраныс та төмен.
Биыл бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Сонымен қатар, ірі инвестор келіп, ағаш өңдеу зауытын салуға кірісті, — деп қосты ол.
ТҮСКЕН ҚАРАЖАТ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ
Біз ағаштың бір текше метрін орта есеппен 10 500 теңгеден саттық. Компаниялармен бірлесіп, шамамен 159 мың текше метр ағаш әзірледік. Бұл жерде маржа аса үлкен емес, — деді министр.
Нысанбаевтың айтуынша, бұл қаражат резерват қызметкерлерінің жалақысына, құрал-жабдық сатып алуға, салық төлеуге және басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.
Ведомствоның мәліметінше, 159 мың текше метрдің шамамен 100 мың текше метрі сатылған. Яғни, жалпы түскен қаржы 1 миллиард теңгеден сәл асады.