Атырауда университет жатақханасының ғимараты опырылып түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
22 сәуір таңғы сағат 06:00 шамасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің №2 жатақханасы ғимаратының ортаңғы бөлігі опырылып түскен.
Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ.
ЖАТАҚХАНАДА ЕШКІМ ТҰРМАЙДЫ
Студенттер даңғылы 29 мекенжайында орналасқан ғимарат 1972 жылы салынған. 2022 жылдың қараша айында университеттің шаруашылық бөлімі бірінші қабаттың қабырғасынан ақау анықтап, бұл жөнінде тиісті органдарға хабарлаған. Артынша Атырау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізіп, оны апатты әрі тұруға қауіпті деп таныды. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 ақпаннан бері бұл жатақханада ешкім тұрмайды.
Қазіргі уақытта Атырау облысының Құрылыс басқармасы университетпен бірлесіп, апатты қос жатақхананы бұзып, орнына мың адамға арналған заманауи жаңа жатақхана салуды қолға алды. Жобалық-сметалық құжаттаманы «Авангард-ОК» ЖШС әзірлеген. Құжаттама қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде.