Атыраудағы мектепте орыс сыныптары жабылмақ

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Атыраудағы Салық Зиманов атындағы мектепте жаңа оқу жылында орыс сыныптары жабылады. Бұл шешімге мұғалімдердің жетіспеушілігі себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

azh.kz мәліметінше, бұл туралы білген ата-аналар бірнеше рет білім бөліміне хат жолдаған. Олар төрт жыл бойы бір сыныпта оқып келе жатқан балалардың әртүрлі мектептерге бөлінуі олардың психологиялық жағдайына және оқу үдерісінің тұрақтылығына кері әсер етеді деп алаңдаулы.

№37 мектеп ресми түрде қазақ тілінде оқытатын оқу орны болып есептеледі. Дегенмен 2021 жылы орыс сыныптарына сұраныстың артуына байланысты мектепке орыс тілінде оқытатын бірінші сыныптар қабылданған. Қазір бұл оқушылар төртінші сыныпты аяқтап жатыр.

МЕКТЕП БАСШЫЛЫҒЫ НЕ ДЕЙДІ

Мектеп директорының міндетін атқарушы Нұргүл Ғабдуллинаның айтуынша, қазіргі уақытта төртінші сыныпта әрқайсысы 16–17 оқушыдан тұратын екі сынып бар. Осы оқушылармен жұмыс істеген мұғалім отбасылық жағдайға байланысты жұмыстан кеткен. Қазір сабақтарды басқа мұғалім жүргізіп жүр.

– Бастауыш сынып оқушылары негізі тек таңертең оқуы тиіс. Бірақ мұғалімнің жетіспеуінен бір мұғалім екі сыныпқа қатар сабақ беріп жүр. Сондықтан балалар бір бөлігі – таңертең, екінші бөлігі – түстен кейін оқуға мәжбүр. Ал жоғары сыныптарға орыс тілінде сабақ беретін мұғалім мүлде жоқ, – деді ол.

Қалалық білім бөлімі өкілдері жаңа оқу жылында орыс тіліндегі 5-сынып оқушыларын басқа ықшам аудандарға емес, жақын маңдағы мектептерге орналастыру жоспарланып отырғанын айтты. Дегенмен түпкілікті шешім оқу жылы аяқталғаннан кейін қабылданады.