Цифрландыру министрінің Алатау қаласының базасында криптоаймақ құру туралы мәлімдемесі мамандарды, былайша айтқанда, таңғалдырды. Жаслан Мәдиев бұл орынды атау арқылы Тоқаевқа жағу мақсатында айтқандай әсер қалдырды. Себебі Алатау – «Президент жобасы» саналады. Дегенмен сарапшылар үшін ең бастысы – криптовалютаның еркін айналымын заңдастыру процесінің басталуы екенін айтады, ал орналасқан жері – екінші кезектегі мәселе. Ulysmedia.kz криптоқала құруға қатысты пилоттық жоба туралы ортақ пікір неге жоқ екенін анықтап көрді.
ИДЕЯ БАР, АЛ ОНЫҢ ІСКЕ АСУЫ ҚАЛАЙ
«Астана – 2025» халықаралық форумында мемлекет басшысы CryptoCity атты жаңашыл пилоттық аймақ құру жөнінде айтқанда, тек жалпы сипаттағы тұжырымдармен шектелді. Ал цифрландыру министрі бұл аймақ ретінде Алатау қаласы таңдалатынын мәлімдеді. Ол бұл ретте қалаға «ерекше» мәртебе берілетінін де атап өтті.
– Президент осындай идея ұсынды, қазір үкімет реттеуші органдармен бірлесіп ең қолайлы орынды таңдау бойынша жұмыстар жүргізеді. Әрине, CryptoCity үшін ең лайықты орын – президентіміздің жобасы саналатын жаңа Алатау қаласы, – деді министр форумның кулуарында.
Жалпы алғанда, жаһандық криптоиндустрия бұл бастаманы оң қабылдады. Кемінде, криптовалюта тақырыбына маманданған басылымдар Қазақстанды 2021 жылғыдай «әлемдік криптоорталыққа» айналады деп болжай бастады. Сол жылы ел майнинг көлемі бойынша көш бастаған еді.
Алайда кейін бірқатар заңдар мен салық саясатына өзгерістер енгізілгеннен кейін майнерлер Қазақстаннан жаппай кете бастады. Қазір де нарық ойыншыларының көбі дәл сондай сценарийден қауіптеніп отыр: президенттің бастамасын министрлер кабинетінің шынайы көзқарасы қайта тұншықтыруы мүмкін.
Triple-A халықаралық төлем компаниясының талдаушылары жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 1,5 миллион адам криптовалюта иеленген. Алайда ресми түрде, яғни АХҚО арқылы биржаларда тіркеліп, заңды транзакция жасағандар саны – небәрі 100 мың адам шамасында. Демек, криптовалютамен айналысатындардың басым бөлігі заңнан тыс қалып отыр.
Абзал Жақсықов 2015 жылдан бері криптобиржаларда трейдер болып жұмыс істейді. Соңғы жеті жылда кәсіби түрде, инвестициялық компаниялардың бірінің құрамында еңбек етіп келеді. Ол Қазақстанда криптовалютаның еркін айналымын заңдастыруды толығымен қолдайтынын айтады. Бірақ пилоттық жобаның оң нәтиже беретініне күмәнмен қарайды.
– Біріншіден, елімізде криптовалютаға ресми иелік ететін адамдар онша көп емес. Яғни, заң жүзінде криптовалютаға тауар мен қызмет сатып алуға рұқсат беретін база әзірлеу аздық етеді. Алдымен заңдастыруды жариялау керек. Оны қазірден бастау қажет, қандай да бір нормативтік-құқықтық актілерді күтпей-ақ. Содан кейін нәтижеге қарап шешім шығаруға болады. Егер аналитиктер айтып жүрген 1,5 миллион адамның жартысы көлеңкеден шығып, заңды айналымға өтсе, бұл бағытта әлі де үміт күтуге болады, – дейді Жақсықов.
АЛАТАУДА КРИПТОҚАЛА БОЛА МА, БОЛМАЙ МА
Криптовалютаның еркін айналымы ондаған елде заңдастырылған. Бірақ олардың өзінде криптовалюта арқылы кез келген жерде есеп айырысу мүмкін емес. Бұл төлем түрін тек жекелеген дүкендер, дәмханалар мен мейрамханалар ғана қабылдайды. Оның өзі көбіне ірі қалаларда шоғырланған – себебі сұраныс сол жақта бар.
Осыған байланысты криптоқала үшін пилоттық аймақ ретінде Алатаудың таңдалуы күмән тудырып отыр.
– Алатау – бұл болашақтың қаласы екенін түсінемін. Бірақ бұл тек «болашақта ғана» дегенді білдіреді. Үкімет белсенді жұмыс істеп, келесі жылы пилоттық жобаны іске қосады делік. Сонда бұрынғы Жетіген аумағында криптовалюта қабылдауға дайын бизнес табыла ма? Әр шаштаразға криптоәмиян орнатуды міндеттесе де, сол криптовалютамен төлеуге дайын адам табыла ма? Мұндай жағдайда үкімет қандай нәтиже күтеді? – дейді Жақсықов.
Алайда цифрлық құқық орталығының негізін қалаушы әрі тәуелсіз қаржы сарапшысы Ермек Рүстембекұлы бұл пікірмен келіспейді. Ол бизнеске алаңдаудың қажеті жоқ деп санайды.
– Сізге ондай бизнес табылады деп сенімді түрде айта аламын. Бүгінде тіркеуден өту, салық органдарына есепке тұру – еш қиын емес. Мемлекеттің мұндай құралдары дайын. Ақылды, болашағын ойлаған кез келген бизнес кіріс көздерін әртараптандыруға ұмтылады. Криптовалютада айналымда жүрген қаржы аз емес. Онда неге бизнес төлем қабілеті жоғары бұл сектор мен жаңа төлем құралын елемеуі керек? – дейді Рүстембекұлы.
Сарапшының пікірінше, криптоқалаға арналған пилоттық жобаның Алатауда іске қосылуы – түпкілікті шешім емес. Бұл – тек бір нұсқа. Бірақ сонымен қатар, орындалуы мүмкін нұсқа. Себебі қала әзірге аса байқалмаса да дамып келеді.
– Менің білуімше, бұл жобада шетелдік инвесторларды қоса алғанда, өте салмақты инвестициялық топ белгіленген. Демек, бұл жобаның қаржыландырылуы тұрғысынан мәселесі жоқ. Бастапқы идея бойынша, бұл – алдыңғы қатарлы қалалардың бірі болмақ. Қаланы жоспарлы түрде дамыту үшін әлемдік урбанистика саласының беделді мамандарының бірі – Вонг Хеанг Файн шақырылған. Ол – Сингапурды дамыту жобасының авторларының бірі. Бұл – 21 ғасырдың заманауи әрі қарқынды дамитын қаласы болуы тиіс. Онда инновациялар мен IT технологиялармен байланысты кластер құру жоспарланған. Сондықтан, бәлкім, осы қаланың символдық мәнін арттыру үшін криптовалютаны да осы жерге шоғырландыруды ұйғарған шығар. Бірақ, тағы да қайталап айтамын – криптовалюта бойынша пилоттық жоба нақты түрде дәл Алатау Ситиде іске асады деп айтуға әлі ерте, – дейді Ермек Рүстембекұлы.
БІР ҚАЛА МА, ӘЛДЕ БҮКІЛ ЕЛ МЕ
Өз кезегінде Абзал Жақсықов пилоттық жобаны тұтас ел бойынша іске қосқан әлдеқайда тиімді болар еді деп есептейді. Әсіресе, миллион тұрғыны бар қалалар мен туристік орталықтарда.
– Пилоттық жобаға бүкіл ел бойынша бизнесті тарту керек, нақты бір жерді бекітіп қою дұрыс емес. Қазақстанда криптовалюта онша кең таралмаған, сондықтан жобаны үлкен қалалар мен туристік аймақтарда іске қосу әлдеқайда қисынды. Яғни шетелдік азаматтар жиі келетін жерлерде. Олар криптоәмиян арқылы төлем жасау мүмкіндігімен бетпе-бет келгенде, бұл Қазақстанның криптовалютаға ашық ел екенін көрсетер еді. Оның үстіне, транзакциялар саны көп болған сайын бақылау мен салықтық механизмдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік мол болады. Бұл – Алатаудағы бір ғана шағын аймақпен шектелуге қарағанда әлдеқайда тиімді, – дейді Жақсықов.
Өз кезегінде Ермек Рүстембекұлы криптовалютаға қатысты пилоттық жоба неге бір аймақпен шектеліп, іске асуы тиіс екенін түсіндірді.
– Мұнда тек халық пен бизнес қана емес, ең алдымен мемлекеттің өзі криптовалютамен жұмыс істеуді үйренуі керек екенін түсіну қажет. Реттеуші органдар, салықшылар, құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік – бәрі криптовалюта саласымен жұмыс істеуге бейімделуі тиіс. Мемлекеттік органдарға «мұнда ешқандай экзотика жоқ» деген нарративті жеткізу қажет. Әрине, бұл салада да тәуекелдер бар. Бірақ тәуекел қай салада жоқ? Дәстүрлі қаржы жүйесінде ше? Банктік жүйеде ше? Алайда жұмысты сауатты әрі дұрыс ұйымдастыра алсақ, бұл қауіптерді басқаруға болады, – дейді Ермек Рүстембекұлы.
ЕҢ БАСТЫСЫ – КЕШІКПЕУ
Сарапшының пайымдауынша, ең маңыздысы – пилоттық жобаның қай жерде іске асатыны емес, криптовалюта айналымының заңды түрде басталуы. Мысалы, АХҚО-ға криптобиржалардың кіру тарихын еске алсақ, бұл үдеріс бірнеше жылдық талқылаудан кейін ғана іске асқан. Сондықтан, бұл жолы да криптовалютаның еркін айналымы (тіпті шектеулі аумақта болса да) келесі жылы басталмауы мүмкін. Бірақ бастысы – жобаның басталуы.
– Техникалық тұрғыдан криптотөлемдерді ұйымдастыру, пайдаланушыны верификациялау – еш қиындық тудырмайды. Заңды түрде рұқсат етілген криптовалюталармен жұмыс істеу анонимді емес. Бұл – тек сауатсыз адамдар арасында тараған аңыз. Криптовалютада есеп айырысу жүйесі әлем бойынша бұрыннан бар – күн сайын миллиардтаған доллар айналымда жүр. Мұндай төлемдерден салық алу механизмі де әлдеқашан қалыптасқан. Ақшаны жылыстатуға қарсы заңдарды, санкциялық шектеулерді орындау – бұл да техникалық тұрғыдан шешілетін мәселе. Яғни мұның бәрін іске асыруға болады. Тек ниет, батылдық, икемділік және, әрине, құзырет қажет, – деп түйіндейді Ермек Рүстембекұлы.
Сарапшының айтуынша, криптоиндустрияны дамыту – бұл 21 ғасырда мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің тікелей көрсеткіші. Мұндай жобалар АҚШ, Дубай, Шанхай, Сингапур, Португалия, Сербия, Германия сияқты елдерде өзінің өміршеңдігін дәлелдеген.
Сарапшының айтуынша, криптоиндустрияны дамыту мәселесі – бұл 21 ғасырда мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне тікелей қатысты. Мұндай жобалар АҚШ-та, Дубайда, Шанхайда, Сингапурда, Португалияда, Сербияда, Германияда және басқа елдерде өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Ендеше, неге Қазақстан да жаңа қаржы жүйесінің толқынына ілеспеске? Жалғыз мәселе – үкімет заман талабына тек президенттің тапсырмасы бойынша ғана бейімделуге тырысады, кейде соның өзінде кешігіп жатады.