Әкім, киллер, кешірім және балағат сөз: Руслан Берденовке жасалған «қастандық ісінде» сотталушы жауап берді

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша негізгі сот процесі басталды. Бүгінгі сот отырысында іс бойынша күдікті деп танылған Ернар Жиембайдан жауап алынды. Істі Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Балағат сөз айтты»

6 тамызда өткен сот процесінде Ернар Жиембаевтан жауап алу басталды. Ол Берденовке не себепті оқ атқанын түсіндірді. Сөзінше, оқиға болғанға дейін Берденов намысына тиетін сөз айтқан.

– Ол [Берденов] “әйелің жезөкше, жәләп болады. Балаң жетім болады” деген сөздер [айтты]. Одан кейін жеке басыма қатысты, “шашың неге түсіп қалған? Мұрын боқ, менімен төбелескің келіп тұр ма? Әйеліңе ..... тұрмайды” деген сөз менің жүйке жүйемді үзді деп айтсам болады, – деді Ернар Жиенбаев сотта берген жауабында.

Қызғаныш

«Себептердің бірі - қызғаныш. Жұбайым Берденовтің туыстарымен араласады және үнемі оны үлгі ететін. «Оның бұлшықеттері бар, костюмі қандай әдемі, қымбат» деп. Жұмыста да үнемі қысым жасалатын, намысқа да тиді. Жұбайым ажырасамын деп сотқа арыз түсірді. Берденов оған үнемі лайк басатын. Комплимент жазды» деді Ернар Жиембай сотта.

— Бір күні әйелімнің телефонына «Сен сұлусың» деген хабарлама келді. Ол хабарламаны Берденов жіберіпті. Кейін суретіне лайк қойғанын да көрдім, - деді ол сотта.

Оның сөзінше, мылтықты қорқыту үшін атқан.

– Мен ол кісіге мүлдем дәлдеген жоқпын. Қорқыту мақсатында ол кісіге көздемей аттым, – деді ол.

Әкім, киллер, кешірім

Бұдан бөлек, Ернар Жиембай сотта Руслан Берденов өзін кешіретінін, бірақ ол үшін шарт қойғанын айтты.

– Егер мен сотта әкім Ғабит Сыздықбеков (қазіргі Шымкент әкімі) мені киллер ретінде жалдады деп айтсам, Берденов мені кешіретінін айтты, –деді Жиембай.

Берденов сотқа келмеді

Cот талабына қарамастан Берденовтің өзі сотқа қатыспады. Адвокаттары оның ем алып жатқанын айтты. Осыған байланысты сотты оның қатысуынсыз жалғастыра беруді сұрады. Жиембайдың қорғаушылары соттан Берденовті процеске келе алмаса онлайн қатыстыруды сұрады. Қорғаушылар оған қоятын сұрақтары бар екенін айтты.

Айыптау актісі

Прокурор Ерлан Сәдібеков «Ернар Жиембай қасақана адам өлтіруге оқталған» деді.

– Сотталушы Жиембай Ернар Жиембайұлы өзінің осы іс-әрекетімен ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға оқталған, – деді айыптау актісін оқыған прокурор.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 21 сәуірде сотталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласы құрылыс басқармасының салынып жатқан объектілерге мониторинг жүргізу бөлімінің бастығынан ақпарат алған. Ол Жиембайға әкімнің орынбасары Руслан Берденовтің нұсқауы бойынша «Тұрғынүй Шымкент» ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі керектігін айтқан.Осыдан кейін «кек алу» мақсатында оған қарсы оқ атқан.

Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында «қастандық жасалып», оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.

Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.