Балдаққа сүйенген бала, қабаған ит, тоқтап тұрған іс: Жалпақсайда иттер өлімші етіп талаған Максимнің оқиғасы

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

30 маусымда Жалпақсай ауылында өлімше етіп ит талаған 10 жастағы Максимнің туыстары мен қорғаушылары оқиғаға байланысты істің тоқтап тұрғанына шағымданды. Іс бойынша баланың анасынан жауап та алынбаған. Ауыл тұрғындары қабаған иттердің әлі күнге дейін басқа аймаққа көшірілмегеніне наразы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«БАЛДАҚҚА СҮЙЕНГЕН БАЛА»

Алматы облысының Жалпақсай ауылының тұрғыны Максим қазір балдақпен жүр. Жақындарының айтуынша, отадан кейін оның бір аяғы екінші аяғынан қысқарып қалған. Екі бетінде жара іздері бар. Қазір ол мектепке бармайды. Сабақты онлайн оқып жүр.

«Қазір екінші отаға дайындалып жатырмыз... Ауруханаға барып жүрміз. Ем алып жатырмыз. Былайша айтқанда, бір минут тыным жоқ. Бүгін түстен кейін ауруханаға баруымыз керек еді. Кейінге қалдырды», – деді Максимнің анасы Екатерина Бормистрова Ulysmedia тілшісіне.

Екатеринаның айтуынша, Максим қазір өздігінен далаға шығып ойнай алмайды. Жүріп-тұруы да қиын.

ТОҚТАП ТҰРҒАН ІС

Максимнің отбасының заңды өкілі Арман Шәріпов тергеу толыққанды жүрмеген дейді. Сөзінше, әлі күнге дейін Максимнің анасынан жауап алынбаған.

«Біз бірнеше рет телефон шалдық, смс хат жолдадық, Қарасай аудандық полиция департаментінің басшылығымен бірнеше рет кездесу де өткіздік, бірақ өкінішке орай, ешқандай нәтиже жоқ. Біз тағы да дөңгелек үстел өткізуді талап еттік. Бірақ олар ылғи да уақыт жоқ, айдың аяғы деген сияқты сылтаулар айтады. Қашан көрсең де, тергеуші орнында болмайды. Біз жоғарғы органдарға шағымданамыз. Бұл істі ішкі істер министрлігі өз бақылауына алуын талап етеміз», – деді ол.

Арман Шәріповтің сөзінше, іс қылмыстық кодекстің 114-бабы «Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру» бойынша қозғалған. Ол істі осы баптың 3-бөлігі «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша қозғау керек дейді. Себебі жасөспірімнің денесінің сау тамтығы қалмаған. Сот-медициналық сараптама да тағайындалмаған.

«Олар «Денсаулыққа абайсызда ауырлығы орташа зиян келтіру» бөлігі бойынша іс қозғағысы келеді.  Бізге бұндай [денсаулыққа ауыр зиян келтіру] нәтижені ота жасалған аурухана жазып берген. Тергеушілер әлі сот-медициналық сараптама тағайындаған жоқ. Олар осы медициналық сараптама қорытындыларын негізге ала отырып, сот-медициналық сараптама тағайындауы тиіс болған», – деді заңгер.

Оқиға болған уақытта Қарасай ауданының полициясы қылмыстық іс қозғаған. 

«Қазіргі таңда оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, барлық мән-жай жан-жақты, толық және объективті түрде анықталуда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижесіне байланысты процессуалдық шешім қабылданады«, – деген сол уақытта Алматы облысының полиция департаменті. 

ИТТЕР ӘЛІ БАР

Жасөспірімнің ресми өкілі Айжан Қамбарова да істің жүрмей жатқанын айтады. Ол осыған байланысты Астанаға барып, бас прокуратура мен президент әкімшілігіне шағым түсірмек.

Бұдан бөлек, ол Максимді талаған иттер әлі күнге дейін футбол алаңының жанында тұрғанын айтты. Оның сөзінше, иттерді футбол алаңынан темір дуал ғана бөліп тұр.

«Мен олар біздің мәдениет үйімізді толықтай тазалап, онда ешқандай иттер болмайды деп ойлағанмын. Мәдениет үйінде әлі күнге дейін онға жуық ит бар. Бүгін бір бала зардап шекті. Ертең басқа балалар да зардап шегуі мүмкін. Мен иттерді алып тастап, мәдениет үйін халыққа, мемлекетке қайтарғанын қалаймын», ­– дейді ол.

Жалпақсайдың мәдениет үйі 1999 жылы жекенің қолына өткен. 2000 жылы оңалту орталығы ашылған. Содан бері “Бостандық” оңалту орталығының иелігінде. 

Айжан Қамбарова иттің иесі Максимнің жағдайын сұрап мүлде келмегенін айтты. Сөзінше, ота мемлекет есебінен тегін жасалған. Ал дәрі-дәрмекке халықтан 6 миллион теңгеге жуық ақша жиналған. Оның бір бөлігі Максимнің отбасы тұратын үйдің шатырын жөндеуге жұмсалған. Үйді «Асар-Уме» қоры алып берген.

ТЕМІР ДУАЛ АРТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ

Ulysmedia тілшісі ұзақ жылдан бері ауылдың мәдениет үйін пайдаланып келе жатқан «Бостандық» оңалту орталығына барды. Бірақ қақпаны ешкім ашпады. «Ғимарат аумағында иттерді әлі де асырайсыздар ма?» деген сауалға дуалдың ар жағынан белгісіз адам «Жауап беретін ешкім жоқ» деді. Ulysmedia тілшісі кейіннен ғимарат аумағынан автокөліктің шығып кеткенін байқады.

Оқиға болған күннің ертеңінде «Бостандық» оңалту орталығының өкілі Ulysmedia-ға ит асырау хобби екенін айтып, мекеме директоры кинолог деген. Ол иттер дуал сыртына шықпағанын, балалар өздері иттерді ызаландырып, дуал ішіне түскенін айтқан.

Сол уақытта тұрғындар оңалту орталығы аумағында жат діни ағым өкілдері жұмыс істейтінін айтқан. Орталық өкілі орталық аумағында діни жоралғылар жасалатынын да жоққа шығармаған. Кейіннен ауыл әкімі арнайы тексеріс жүретінін айтқан.

ШАРАСЫЗ ӘКІМ

Бүгін, 4-ші қыркүйекте ауыл әкімі Ислам Ибатжан оңалту орталығы аумағында әлі күнге дейін иттердің бар екенін растады. Оның сөзінше, орталық басшылығына ескерту жасалған. Бірақ олар әкімдікпен қандай да бір байланыс орнатуға құлықсыз.

«Олардың аумағында иттер әлі бар. Соңғы ақпарат бойынша, біз бес ит санағанбыз. Мәдениет үйінің бұрыштарында бар. [Ғимаратты] қайта салып алуға байланысты онымен аудандық әкімдік пен прокуратура айналысады. Ауылдық округ тарапынан тиісті құжат, хаттарды жіберіп қойғанмын. Оларға иттерді басқа шаққа ауыстыру туралы айтылған. Ветинспекция келіп, оларға чиптердің салынғанын анықтаған. Жалпы, қазір мәдениет үйі ғимаратын пайдаланып отырған Асқар Саинович деген кісі ешқандай байланысқа келмейді. Бізбен ешқандай байланысқа келіп отырған жоқ. Біз бірнеше рет айтқанбыз «Резонансты жағдай болды ғой. Халықтың назарын өзіңе қарай бұра бермей, иттеріңді алып тастасаңшы» дегенбіз», – дейді ауыл әкімі.

Ulysmedia тілшісі істі жүргізіп жатыр делінген Аңсар есімді тергеушіге де хабарласты. Бірақ ол телефон тұтқасын көтермеді.

30 маусымда Максимді футбол алаңында бірнеше ит өлімші етіп талаған. Оны алаң жанынан өтіп бара жатқан кездейсоқ такси жүргізушісі құтқарып қалған. Бұл оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырған.