Науқастан тегін қызмет үшін 1,5 млн алған дәрігер сотталды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Ақмола облысында науқастан тегін көрсетілетін емге 1,5 млн алған дәрігер сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТТА АНЫҚТАЛҒАНЫ

Шілде айында ол терапия бөлімінің меңгерушісінің міндетін уақытша атқарып жүрген. Сол кезде оған қант диабеті мен жүректің жедел коронарлық синдромымен науқас түскен. Әйелді Астананың №2 қалалық ауруханасына жіберу керек болатын. Ол жерде ем мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек аясында тегін жүргізілер еді.

АҚША СҰРАҒАН

Алайда дәрігер әйелге аталған ауруханада кардиохирургтің емін ұйымдастырып беремін деп, одан 1,5 млн теңге сұраған. Ол мұндай келісім жасауға ешқандай құқығы болмаса да, науқастан ақша алған. Пациент сол күні-ақ соманың үштен бірін, ал келесі күні қалған бөлігін аударған.

СОТ ҮКІМІ

- Айыпталушының кінәсі оның өз мойындауымен, жәбірленушінің және резидент-дәрігер кардиологтың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдермен – алынған ұялы телефондармен дәлелденді. Жеңілдететін жағдай ретінде айыпталушының шын ниетпен өкінуі ескерілді, – делінген соттың хабарламасында.

Сот дәрігерге 2 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған 3 жылға медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды.