Шығыс Қазақстан облысының киберполиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер арқылы ерекше алаяқтық схемасын ойлап тапқан 18 жастағы тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТКЕН
Полиция департаментінің мәліметінше, трансляциялар кезінде ол көрермендер немесе жүргізушілер байқамай камераға мессенджерге кіру үшін жіберілген SMS-кодтарды көрсеткен сәттерді аңдыған.
- Осы кодтарды пайдалана отырып, күдікті жәбірленушілердің аккаунттарына кіріп алған. Содан кейін бөтен парақшалардан олардың таныстарына ақша қарызға беруін сұрап хабарламалар жіберген. Алынған қаржыны өз есепшотына аударып отырған, – деп түсіндірді полиция.
НӘТИЖЕСІ
Алаяқтық әрекеттердің салдарынан өңірдің бес тұрғыны зардап шекті.
Қазір «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.