Уәде мен түтін: Семейде жаңа ЖЭО құрылысы тағы да кейінге қала ма?

Динара Жарқынбек
Ашық дереккөзден

Семейдің ауасы жыл сайын ауырлап барады. Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдегі экологиялық жағдайдың ушығып тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 46 қазандық көмірмен жұмыс істейді. Ол қазандықтан шыққан түтін қыс сайын қаланы тұмшалап, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіруде. Ал қаладағы жылу тапшылығын шешуге тиіс ЖЭО-3 құрылысы әлі басталған да жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұрын жоспар бойынша нысан 2029 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда қазір инвестор табылмай, жоба тағы да тоқтап қалуы мүмкін деген күдік бар.

Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл мәселенің экологиямен тікелей байланысты екенін мойындады:

– Егер құрылыс созылып кетсе, экология мәселесі одан әрі ушығады. Семейде 46 қазандық бар, барлығы көмір жағады. Қыста желсіз күндері дем алу мүмкін емес, — деді ол.

Әкімнің айтуынша, облыс «Самрұқ-Энерго» компаниясының шешімін күтіп отыр.

- Осы аптада немесе осы айда “Самрұқ-Энерго” жобаны жүзеге асыратын компанияны табады деп үміттенемін. Біз өзіміз де мүдделіміз, — деді Уәли.

Дегенмен, журналистердің  «құрылыс мерзімі тағы да кейінге шегеріле ме?» деген сауалына әкім тек «Барлығы уақытында болады деп үміттенемін» деп қысқа жауап қайырды.