Астанада тұмауға байланысты шектеулер енгізілді

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

19 қараша, сәрсенбі күні Астананың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шагалтаева ЖРВИ мен тұмау жағдайларының өсуіне байланысты елордада күшейтілген санитариялық-індетке қарсы шараларды енгізу туралы қаулыға қол қойды. Қаулының толық мәтіні Астана әкімдігінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Шаралар құрамында: емханалар мен ауруханалардың жұмысын күшейту, науқастарды оқшаулау, қабылдау кабинеттерінің санын арттыру, маска режимін сақтау, дене қызуын бақылау, вирусқа қарсы дәрілердің жеткілікті қорын қамтамасыз ету бар.

20 қарашадан 5 желтоқсанға дейін сыныптағы оқушылардың 30 пайыздан астамы ауырып қалған жағдайда мектептерді онлайн оқыту форматына көшіру, балалар мен қызметкерлерге арналған күнделікті «таңғы сүзгі» жүргізу. Бұқаралық шараларға шектеу қою.

- Астана қаласында ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін індетке қарсы іс-шаралар толық орындалуы тиіс, – делінген құжатта.

Кейінгі аптада елордада 23 002 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұған дейінгі аптамен (2025 жылғы 30 қазан – 5 қараша аралығы) салыстырғанда көрсеткіш 1,5 есе өскен. 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы сырқаттанушылық 60 пайызға жетті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда тұмаудың бірнеше штамы айналымда жүр, соның ішінде A H3N2 (Гонконг тұмауы) да бар. Бұл түрі аурудың ауыр өтетіндігімен ерекшеленеді. Науқастар санының көбеюі жұртты алаңдатып отыр. Адамдар дәріханаларда вирусқа қарсы препараттарды жаппай сатып ала бастады.