Ақтау маңында жарылғыш оқ-дәріге ұқсас зат табылды

Сырым Қаржас
Фото: Лада

Ақтау маңындағы Сығынды мүйісі маңында таңғы аңшылық кезінде күдікті зат табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Lada.kz мәліметінше, таңғы аңшылық кезінде Сығынды мүйісі аумағында ескі, жарылмаған оқ-дәріге ұқсас зат анықталды. Бұл туралы жергілікті аңшы, балықшы әрі қазына іздеуші мәлімдеген.

«Kladoiskateli_mangystau» Instagram-парақшасының авторы 14 желтоқсанда, үйрекке шыққан аңшылық барысында жергілікті тұрғындар «43-шақырым» деп атайтын Сығынды мүйісі маңынан күмәнді металл затқа көзі түскенін айтты.

Судың шамамен 200 метрге шегінуіне байланысты зат жер бетіне шығып, пішінімен назар аудартқан. Көзбен шолып қарағанда, металл нысан снарядқа ұқсайды.

БОЛЖАМ

Не тап болғанын нақтылау үшін ер адам жасанды интеллект көмегіне жүгінген. Алдын ала болжам бойынша, табылған зат қатты тот басқан, жарылмай қалған оқ-дәрі — ескі авиациялық бомба болуы мүмкін.

Мамандар мұндай заттардың ондаған жыл өткен соң да аса қауіпті болуы ықтимал екенін, әсіресе коррозия олардың тұрақсыздығын арттыратынын ескертеді.

КОНТЕКСТ

Жыл басында БҚО аумағында кемінде төрт рет дрон құлаған: 24 наурызда Ресеймен шекаралас Жәнібек ауданында, 18 наурызда Тасқала ауданында және 18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылында.