Қазақтарды қорлаған қостанайлық сотталды

Сырым Қаржас
Фото: Тоболинфо

Қостанай қаласының №2 сотында 44 жастағы жергілікті тұрғын Юлия Хонға қатысты үкім жарияланды. Оған ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тоболинфо мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы қараша айының басында (нақты күні көрсетілмеген), түнгі шамамен сағат 3:45-те, мас күйде Юлия Хон TikTok желісіне кіріп, өз аккаунтынан тікелей эфирде отырған. Кейін оның адвокаты Виталий Лидің айтуынша, эфир барысында Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы талқыланған.

ҚОРЛАУ

Тікелей эфир кезінде айыпталушы балағат сөздер айтып, пікірталасқа қатысушыларды, соның ішінде қазақтарды ұлттық белгісі бойынша қорлайтын сөздер қолданған. Сот мұны ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған әрекет деп бағалады.

ДӘЛЕЛДЕР

Істі қараған судья Ольга Кузнецова Юлия Хонның кінәсі тікелей эфир жазбасы, сараптамалық қорытындылар және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденгенін атап өтті.

ҮКІМ

Сот Юлия Хонды екі жылға бас бостандығынан айырып, ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда жазасын өтеуге үкім шығарды. Бұған дейін ол елден шықпау туралы қолхатпен жүргендіктен, сот залында қамауға алынды.

Сот жаза тағайындауда оның асырауында жол-көлік апатынан кейін көру қабілетін жоғалтқан ұлы барын ескеріп, жазаны жеңілдеткен. Әйел баласының емін өзі төлеп жүргені де назарға алынған.

Айыпталушы тұрмыста екені, жұмыс істейтіні және бұрын сотталмағаны да айтылды.

Сонымен қатар, ол 826 теңге көлемінде процессуалдық шығындарды өтеуге міндеттелді.

АДВОКАТЫ НЕ ДЕЙДІ

Юлия Хонның адвокаты Валерий Ли тікелей эфир барысында оның қорғауындағы адам да қорланғанын, ал ол бүкіл ұлтты емес, нақты бір адамды балағаттағанын атап өтті. Қорғау тарапы үкімге шағымданатынын мәлімдеді.