Екібастұз тұрғындарын бүрсең қақтырған компания жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Павлодар облыстық атомдық және энергетикалық бақылау департаменті мәлім етті.
Ведомство аталмыш жағдайға байланысты арнайы комиссия құрып, тексеріс жұмыстарын жүргізіп, кәсіпорын жұмысындағы олқылықтарды анықтаған.
"Арнайы комиссияның құрамына жергілікті билік, "Екібастұзжылуэнерго", біздің департамент өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар кірді. Алдымен технологиялық ақаудың себебін анықтап, кейін алдағы уақытта оның алдын алу бойынша шаралар пысықталды. Сонымен қатар, тексеріс нәтижесінде кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады департамент басшысы Ринат Кәкімжанов.
Нақтырақ айтқанда, компания энергияны тұтыну режимін, қондырғыларды пайдалану тәртібін бұзып, технологиялық ақаулар туралы ақпарат бермегені үшін екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кодекстің 300-бабына сәйкес 200 айлық есептік көрсеткіш, 301-бабына сәйкес 1 мың АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Кәсіпорын анықталған кемшіліктерді мойындап, салынған айыппұлдарды төлепті.
Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Екібастұздықтар екі күннің бірінде жылусыз отыруға мәжбүр.