Түтінге тұншыққан Атырау: Мамандар екі күн бойы өрт ошағын таба алмаған

Ulysmedia

Атыраулықтар екі күннен бері түтіннің иісіне тұншығып жүр. Алайда, мамандар түтіннің қайдан шыққанын анықтай алар емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Атырау тұрғындары әлеуметтік желіде қалада қолқаны қапқан иіс барын жазып жатыр. Тұрғындардың пікірінше, түтін иісі 29 қаңтарда сезілген.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Каспий жағалауы мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағынан өрт ошағы анықталмаған.

«Департаменттің жедел кезекшісі 30 қаңтарда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына телефон арқылы хабарласты. Алайда, резерват аумағында ешқандай өрт оқиғасы тіркелмегені белгілі болды. Ал, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның ғарыштық мониторингі арқылы әуеден барлау кезінде Атырау облысының аумағында ешқандай өрт ошақтары анықталған жоқ. Облыстың барлық ауданында да дерегі тіркелмеген», – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Кеше, 30 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 20:00 -де қараңғы түсуіне байланысты барлау жұмыстары тоқтатылды. Енді бүгін, 31 қаңтарда Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 15 қызметкері мен 3 техникасы өрт ошақтарын анықтау мақсатында барлау жұмыстарын жүргізетін болады.

«Атырау қаласының аумағында 30 қаңтарда 6 өрт оқиғасы тіркелген еді. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер өрт ошақтарын уақытылы жойды», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.