СҚО-да 250-ге жуық қызметкеріне жалақы төлемеген компания басшысы жауапқа тартылды

Ulysmedia

Қазақстанның 68 кәсіпорыны 4 мың қызметкердің жалақысын уақытылы төлемеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.

Ведомство мәліметінше жалақы бойынша берешекті жедел өндіріп алу үшін деректер алмасу жолға қойылды, дебиторлармен жұмыс жүргізілуде және борышкерлердің мүлкін іздеу жүріп жатыр.

Мысалы, «Тамыр» ЖШС компаниялар тобы 243 қызметкерге 60 млн теңге қарыз болған.

Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ұсынуы бойынша кәсіпорынмен қарыздар толығымен төленіп, ал жұмыс беруші ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

Прокурорлардың сөзінше, шетелдік жұмыс күшін тартатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің жұмыскерлерінің құқықтарын сақтауы да ерекше бақылауда. Ең көп таралған бұзушылық – отандық және шетелдік мамандардың еңбегіне ақы төлеудің теңгерімсіздігі.

Анықталған бұзушылықтар бойынша 66 ұсыну енгізіліп, 228-ге жуық адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 72 млн теңгеге айыппұл салынып, әкімдіктермен 266 рұқсат қайтарып алынды және 150 шетелдік азамат елден шығарылған.