Ақмола облысында қыздарды жезөкшелікке жеккен екі сауна анықталды

Ulysmedia

Ақмола облысында қыздарды жезөкшелікке жеккен екі сауна анықталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

 

фото: polisia.kz

Polisia.kz мәліметінше, 19 қыркүйекте басталған “Стоп-трафик” республикалық арнайы операция аясында полиция қызметкерлері бірқатар қылмысты анықтады.

Алты күн ішінде криминалдық, әкімшілік полиция, көші-қон және жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің бірлескен күшімен рейдтік іс-шаралар өткізілді. Оның барысында өнеркәсіптік объектілер, ауылдық шаруашылықтардың аумақтары, монша кешендері, қонақүйлер мен көңіл көтеру орындары тексерілді.

Өткен кезеңде өңірде адам саудасына байланысты 5 қылмыс, оның ішінде жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі анықталды.

Мысалы, 21 және 23 қыркүйекте облыс орталығында полицейлер 2 және 5 мың теңге көлемінде сыйақыға клиенттеріне интимдік қызмет көрсету үшін қыздар ұсынған екі саунаның әкімшілерін ұстады. Куәгерлік және мойындау айғақтары бар.

Екі факт бойынша да ҚР ҚК 309-бабы, 1-бөлігі (жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау немесе жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Айта кету керек, осы баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Сонымен қатар 19 қыркүйекте жедел алдын алу іс-шарасы барысында Көкшетау қаласының 32 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол қиын материалдық жағдайын пайдаланып, басқа жергілікті тұрғынды жезөкшелікпен айналысуға тартқан. ҚР ҚК 308-бабы, 1-бөлігі (жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.