Ақтөбеде математика пәнінің мұғалімі оқушыларды Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсіруге көмектесемін деп ата-аналардан ақша алып, оларды алдап кеткен. Ол екі оқушының ата-анасынан 3 млн 200 мың теңге алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Айыпталушы - математика мұғалімі Шыңғысхан Пайзов. Айыптау нұсқасына сәйкес, ол жекеменшік оқу орталығында жұмыс істеп, оқушыларды Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге дайындаған, деп жазады «Диапазон».
Ол екі оқушының аналарына белгілі бір сомаға олардың балаларын НЗМ-ге орналастыра алатынын айтқан. Мұғалімнің сөзіне сенген әйелдердің бірі оған 1,5 млн теңге, екіншісі 1 млн 700 мың теңге берген.
Алайда мұғалім уәдесін орындай алмаған, себебі оның мұндай мүмкіндігі болмаған. Кейін ата-аналар алаяқтыққа тап болғанын түсініп, полицияға шағымданған.
СОТ
Сот барысында айыпталушы алаяқтық жасағанын толық мойындап, үкім шықпай тұрып-ақ жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеген.
Жәбірленуші аналардың бірі сотта оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
- Ұлымның мұғалімі маған қоңырау шалып, баламның зерек екенін, әрі қарай дамуы үшін мектепті ауыстыру керек екенін айтты. Ол НЗМ-ге түсуге көмектесетінін айтып, 1,5 млн теңге төлеуді ұсынды. Мен, әрине, баламның жақсы білім алғанын қаладым, болашағын ойлап, мұғалімнің ұсынысына келістім. Ақшаны екі бөлікпен аудардым. Кейін ол бір орын босап қалғанын, себебі бір оқушы Астанаға көшіп жатқанын айтты. Ұлымның кандидатурасын қарастыру үшін тағы 200 мың теңге қажет деді. Мен ол ақшаны да аудардым, – деді жәбірленуші.
Екінші жәбірленушінің жағдайы да осыған ұқсас болған.
Екі әйел де сотта айыпталушы барлық ақшаны қайтарғанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.
ҚҰМАР ОЙЫНҒА КЕТКЕН АҚША
Тергеу барысында айыпталушының жұбайы күйеуі такси қызметімен айналысқанын және оның Kaspi-дегі нөмірі мен банк қосымшасын пайдаланғанын айтқан.
Оның айтуынша, 2026 жылдың басында күйеуінің адамдарды алдап, балаларды НЗМ-ге түсіруге көмектесемін деп ақша алғанын білген. Ер адам құмар ойындарға әуестеніп, алған ақшаны сол ойындарға жұмсаған.
СОТ ШЕШІМІ
Сот Шыңғысхан Пайзовты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Яғни ол жазасын бостандықта өтейді, бірақ белгілі бір шектеулер болады.
Қосымша жаза ретінде ол осы мерзім ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды.