Петропавлда алкогольден уланған үш ер адам да көз жұмды

Ulysmedia коллажы

Петропавлда белгісіз сұйықтықтан уланған үш ер адам да көз жұмды. 75 жастағы зейнеткер қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірін сегіз күн бойы сақтап қалуға тырысқан. Ал онымен бірге ішімдік ішкен 52 және 48 жастағы ер адамдар бұған дейін қайтыс болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не болды

Алдын ала мәлімет бойынша, үш ер адам белгісіз сұйықтықты бірге ішкен. Көп ұзамай үшеуінің де жағдайы нашарлап, олар ауыр улану белгілерімен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.

– Үш ер адамда да ұқсас белгілер байқалды. Олар қатты ентігіп, айналасындағылармен байланыс орнату қиындаған. Науқастардың бірі бірнеше рет құсқан, – деп хабарлады аурухана өкілдері.

52 жастағы ер адам ауруханаға түскен күні көз жұмды. 48 жастағы науқас бірнеше күннен кейін қайтыс болды. Ал дәрігерлер сегіз күн бойы емдеген 75 жастағы зейнеткерді аман алып қалу мүмкін болмады.

Контекст

Бұған дейін полиция ер адамдардың қоқыс контейнерінен тауып алған бөтелкедегі сұйықтықты ішкенін анықтаған. Сұйықтық тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Улануға нақты не себеп болғанын сарапшылар анықтайды.