Отырар ауданында алты жастағы қыз балаға қатысты зорлық әрекеті жасалды деген күдік бар. Бұл іске жәбірленуші оқитын мектептің жоғары сынып оқушысы қатысы болуы мүмкін. Оқиға болғанына бір ай өтсе де, ата-анасы күдікті жасөспірімнің ұсталмай, сабағына барып жүргеніне наразы. Олардың айтуынша, тергеу іс жүзінде жүргізілмей отыр. Ulysmedia.kz тілшісі қыздың туысымен сөйлесіп, мән-жайды анықтады.
«Істі әрең қозғады»
Қыздың анасы оқиға болғаннан кейін бірден баланы Түркістанға гинекологқа тексертуге апарғандарын айтады.
– Гинеколог әрекет (зорлық) болғанын айтты, бірақ қыздық перде зақымданбаған. Жазбаша қорытынды беруді сұрағанда, сарапшылардың жұмысына араласа алмаймыз деп жауап берді. Содан кейін бірден 102-ге хабарласып, қылмыстық іс қозғалтуға қол жеткіздік, – деді әйел.
Оның айтуынша, содан кейін іс тоқтап қалған. Тіпті екі аптадан соң мұғалімдер қыздың сабаққа қайта келуін талап еткен. Анасы күдікті жасөспірімнің ештеңе болмағандай оқуын жалғастырып жүргеніне наразы.
«Тергеуші басқа іспен айналысып жатыр деді»
Полиция тарапынан олармен байланысқа да шықпаған. Әкесінің айтуынша, тергеушінің нөмірін өзі іздеп тапқан.
– Арыз бергеннен бері ешқандай әрекет жасалған жоқ. Тергеушімен өзіміз екінші күні хабарластық. Сараптама тағайындау туралы сұрағанда, ол мал ұрлығы ісімен айналысып жатқанын, уақыты жоқ екенін айтты. Екінші күннің өзінде бұл іске құлықсыз екенін байқадық. Біз әлі күнге дейін әділдік күтіп жүрміз, бірақ бәрі бұрмаланып жатыр. Ешкім ұсталған жоқ, әлгі бала ауылда еркін жүр, – дейді ер адам.
Сараптама қорытындысы бойынша дәрігерлер қыз баладан дене жарақаттарын анықтамаған. Ата-анасы осыған байланысты істің жабылып қалуынан қауіптенеді.
Полицияның ұстанымы
Түркістан облысының полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.
– Түркістан облысы тұрғынының барлық уәждері тексерілуде. Алдын ала тергеу нәтижесі бойынша кәмелетке толмаған қызға қатысты заңға қайшы әрекеттер анықталған жоқ. Сонымен қатар тергеу жалғасып жатыр. Қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Ата-анасының айтуынша, болған оқиғадан кейін қыздың мінез-құлқы қатты өзгерген. Ол далаға шығудан қорқады, дұрыс тамақ ішпейді, ұйқысы да бұзылған. Жақындары әлі күнге дейін өз-өзіне келе алмай отыр.
Автор: Назерке Еркінбекқызы.