Екібастұз мектептерінде температураның төмендігіне байланысты оқушылар қашықтықтан оқытуға ауыстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы қалалық білім бөлімі мәлім етті.
"7 ақпаннан бастап оқушылар қашықтықтан оқиды, ал балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істейді", - деп түсіндірді бөлім бастығы Лаура Дисюпова.
Еске салсақ, өткен жылдың 27 қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Екібастұздықтар екі күннің бірінде жылусыз отыруға мәжбүр.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа Екібастұз тұрғындарының пәтерлерінде және әлеуметтік нысандарда температура режимін тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауды жүктеді.