Өскемен қаласында осы аптада үшінші рет мектепке бомба қойылғаны туралы хабаланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10 ақпанда түскі уақытта полицияға Өскемендегі бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен мамандандырылған қызметтер білім ордаларының ұжымы мен оқушыларды эвакуациялады.
«Қазіргі уақытта әр мектеп іші тексеріліп жатыр. Халықтан сабырлық танытып, енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 6 ақпанда Өскеменде сот және мектеп ғимаратына бомба қойылғаны туралы хабар түскен. Алайда тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Сондай-ақ, бомба қойылғаны туралы хабар кеше тағы түсіп, оқушылар мен мұғалімдер дереу сыртқа шығарылды. Тексере келе, қауіпті зат туралы ақпарат жалған екені белгілі болды.