Қостанайда үш адамның өмірін қиған жарылысқа кінәлі кәсіпкер жазадан құтылып кетті

Ulysmedia
Наша газета"

Қостанайда үш адамның өмірін қиып, ондаған отбасыға зиян келтірген автосервис жарылысына кінәлі деп танылған шеберхана иесі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

2023 жылдың желтоқсанында Қостанайдағы Амангелді тұрғын алабында орналасқан 280 шаршы метрлік бір қабатты автосервис ғимаратында жойқын жарылыс болды. Жойқын соққыдан ғимарат толығымен қирап, адамдар үйінді астында қалды.

Оқиға орнына жүздеген құтқарушы мен ондаған арнайы техника жұмылдырылды. Мамандар үйінді арасынан 12 адамды алып шықты. Олардың 10-ы шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Үш адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, тағы бір адам ауыр жарақат алды.

Жарылыстың салдарынан жақын маңдағы 12 жеке тұрғын үй мен 12 автокөлік бүлінді. Сот материалдарына сәйкес, 26 жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 240 миллион теңгеден асқан.

Тергеу барысында жарылысқа шеберханада тұрған «ГАЗель» автокөлігі себеп болғаны анықталды. Газ баллонындағы қысымның шамадан тыс көтерілуінен оның қабырғасы зақымдалып, бөлме ішіне газ тараған. Кейін жиналған газ-ауа қоспасы кездейсоқ ұшқыннан тұтанып, қуатты жарылысқа ұласқан. Соның салдарынан ғимараттың негізгі тірек құрылымдары бір сәтте опырылып түскен.

КІНӘЛІ ДЕП ТАНЫЛДЫ, БІРАҚ ЖАЗАЛАНБАДЫ

Шеберхана иесіне абайсызда адам өліміне және ауыр дене жарақатына әкеп соқтыру, сондай-ақ бөтеннің мүлкін жою баптары бойынша (ҚР ҚК 104-бабының 2-бөлігі, 114-бабының 3-бөлігі және 204-бабының 2-бөлігі) айып тағылды.

Алайда кәсіпкер өз кінәсін мойындамай, өзін толық ақтауды талап етті.

Соған қарамастан, сот оны барлық айып бойынша кінәлі деп таныды, бірақ жаза тағайындалмады.

Қостанай облыстық сотының мәліметінше, аталған қылмыстар орташа ауырлықтағы санатқа жатады. Мұндай істер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартудың талап қою мерзімі қылмыс жасалған күннен бастап екі жылды құрайды.

– Б.-ның әрекеттері көрсетілген баптар бойынша орташа ауырлықтағы қылмыс санатына жатады. Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот Б.-ны кінәлі деп танып, қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты оны жауапкершіліктен босатты, – деп хабарлады Қостанай облыстық соты.

Сотталушы бостандықта қалды. Сонымен қатар сот жәбірленушілердің материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арыздарын қанағаттандырып, кәсіпкерден 240 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.