Ереуіл жалғасып жатыр: Ақтөбеде автобус жүргізушілері тағы жұмысқа шықпай қойды

Ulysmedia

Ақтөбеде автобус жүргізушілерінің ереуілі жалғасты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұдан бұрын хабарланғандай, 14 ақпанда Ақтөбеде алты бағыттағы автобустардың жүргізушілері жұмысқа шықпай қойған. Осы бағыттарға қызмет көрсететін "Автопарк" ЖШС бұл жағдайдың себебі "кейбір жүргізушілердің жүйелі бұзушылықтар үшін кәсіпорын әкімшілігінің тәртіптік жазалау шараларына наразылығы" деп мәлімдеді.

Бүгін қала әкімдігі "Автопарк" қызмет көрсететін 21-ші маршруттың орнына 51-ші маршруттың автобустары жүретінін хабарлады. Сонымен қатар, әкімдік 26-маршруттың мәселесін шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.

"Жақын арада осы бағыттағы автобустар желіге қайта шығады. Әзірге тұрғындарға 24, 15, 8, 48 – баламалы маршруттарды пайдалану ұсынылады. Қоғамдық көлік жұмысындағы үзіліс үшін тасымалдаушыға – "Автопарк" ЖШС-әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады", - делінген хабарламада.

Бұл жүргізушілердің алғашқы ереуілі емес. Олар бұған дейін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мен жалақының төмендігіне, уақытылы төленбейтініне наразылық білдірген.