Атырау облысында жеке кәсіпкер екі жылдан бері газға қол жеткізе алмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Антикор мәліметінше, «Бизнеске жол» жобасы аясында 5 кәсіпкердің құқығы қорғалған.
«Мәселен, «ҚазТрансГазАймақ» Атырау өндірістік филиалының лауазымды тұлғалары жеке кәсіпкердің жылжымайтын мүлкін газға қосу үшін келісімшартқа 2021 жылдан бері қол қоймай келген. Бұған қоса мүліктің бұрынғы иесінің берешегін жабуды заңсыз талап еткен. Тағы бір кәсіпкерге көлік салығын негізсіз төлетпек болған. Осындай кедергіге тап болған кәсіпкерлер біздің департаментке шағыммен жүгінді», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерұлан Серікқалиев.
Оның сөзінше, Құрманғазы ауданындағы кәсіпкерге орталық аурухана басшылығы азық-түлік жеткізгені үшін 1 миллионнан астам теңгені төлеуден бас тартқан.
«Департамент қызметкерлерінің жедел араласуының нәтижесінде осындай кедергілердің бәрі оң шешімін тапты. Монополист кәсіпорын жеке кәсіпкермен газбен жабдықтауға шартты қайта жасады, мүліктің бұрынғы иесінің қарызы өндірілмейтін болды. Көлік үшін негізсіз салық та төленбейді. Ал аудандық ауруханадан кәсіпкердің есепшотына тиісті қаржы аударылды», - деді Серікқалиев.
Еске салсақ, бұдан бұрын Атырауда қызметкерлерінің жалақысын алаяқтықпен иемденген директор 3,5 жылға сотталған еді.