Петропавл көшелеріне қиыршық тас төсеуде қыруар қаражаттың тиімсіз пайдаланылғаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Антикор мәлім етті.
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, биыл Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын аяқтады. Нәтижесінде соңғы үш жылда қала көшелеріне қиыршық тас төсеуде ғана 5 млрд теңге бюджеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалғанын анықталған.
«Қиыршық тасты төсегеннен кейін нақты орындалған жұмысты айқындау бойынша әдіснаманың жоқтығы және сараптама жүргізудің мүмкін еместігін білгендіктен, қала көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар жасалмаған. Ал сметалық есептеулерде көтеріңкі баға қолданылған. Талдау қорытындысы бойынша, облыс басшылығымен бірлесіп Петропавлдағы барлық грейдерлік көшелерді асфальттау туралы ұсынымдар әзірленді, бұл сыбайлас жемқорлық жымқыру схемаларын толығымен жояды. Осылайша, қаражаттың жұмсалуын сапалы бақылауға және қаланың барлық жолдарының техникалық жай-күйін арттыруға болады», - дейді Сергей Перов.
Бүгінде осы ұсынымды іске асыру мақсатында облыс орталығының 17 көшесін асфальттау үшін бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қостанай облысында мемлекеттік орган зиянды жәндіктерді улауға арналған 8 литр химиялық қоспаны 2 млрд теңгеге сатып алмақ болған.