Орталықтан алыстаған сайын ірі компания басшысының ықпалы арта түсетіндей. Әсіресе ол жай компания емес, тұтас әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация болса. «Ертіс» ӘКК-нің бұрынғы қызметкерлері басшылыққа Әбіл Донбаев келгеннен кейін ондаған жыл еңбек еткен мамандарды жұмыстан кетуге мәжбүрлей бастағанын айтады.
Бастапқыда Ulysmedia.kz бұл оқиғаны жария етуді жоспарламаған. Бәлкім, жаңа басшы бұрынғы ұжымның ӘКК алдына қойылған міндеттерді орындай алмайтынын түсініп, қызметкерлерден жұмыстың тиімділігін арттыруды талап еткен шығар. Әлде жұмысты жақсырақ атқара алатын мамандарға орын босатуды сұраған болар деп топшыладық. Алайда редакцияға хабарласқан Өскемен тұрғындарының айтуынша, ең алдымен қаржы мен миллиардтаған теңгенің мемлекеттік мүлкіне қол жеткізе алатын қызметкерлер кетіп жатыр.
Сондықтан «Ертіс» ӘКК қызметіне тексеру жүргізуді сұрап, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне сауал жолдадық. Корпорацияның өзінен де түсініктеме сұрадық. Шенеуніктер жауапты көп күттірген жоқ.
«Ертіс» ӘКК» АҚ-ның бұрынғы қызметкерлерінің айтуынша, 2023 жылғы шілдеде ӘКК төрағасы болып Әбіл Донбаев тағайындалғалы бері корпорацияда кадр тұрақтамайтын болған.
– Мұның себебін білмейміз. Бірақ Донбаев ең алдымен жалғызбасты, бала тәрбиелеп отырған әйелдерді нысанаға алды. Ерекше қажеттілігі бар баласы бар қызметкерлерге де қысым көрсетіледі. Басшылыққа біреу ұнамаса, оған қатысты тексеру басталып, кейін орынсыз да, орынды да тәртіптік жаза қолданылады. Ақырында кабинетке шақырып: «Өз еркіңмен жұмыстан кету туралы өтініш жаз. Әйтпесе, баппен шығарамыз, сенде заң бұзушылық бар» дейді. Мұндай жағдайда әйелдер көбіне жұмыстан кетуге мәжбүр болады, – дейді редакцияға хабарласқан бұрынғы қызметкерлердің бірі.
Оның сөзінше, ӘКК-нің жаңа басшысына қарсы пікір білдіруге батылы барған мамандарды Өскемендегі басқа мемлекеттік кәсіпорындарға да бірнеше ай бойы жұмысқа алмаған.
Жуырда ӘКК-де қайта құрылымдау жүргізілген. Активтерді басқару департаменті таратылып, оның орнына штатында сегіз қызметкері бар жеке филиал - Активтерді басқару компаниясы құрылған. Бұрынғы департаментте төрт адам жұмыс істеген.
Қызметкерлердің айтуынша, оларға жаңа құрылымға ауысатыны уәде етілгенімен, ақырында бәрін бірдей жұмыстан шығарып жіберген.
– Бізді жай ғана алдап, ешкімді бөліп-жармай жұмыстан босатты, - дейді олар.
Осы тұста «Ертіс» ӘКК-ге «Азия Авто» компаниясынан тәркіленген мүлік берілгенін еске сала кетейік. Бұрынғы қызметкерлердің мәліметінше, оның жалпы құны шамамен 20 млрд теңге. Бірақ бұл мүлікке ӘКК толық жауап береді деу қиын. Өйткені енді активтерді басқаратын жеке компания бар. Ол корпорацияның филиалы ретінде жұмыс істейді.
Жаңа құрылымға Ержан Мандиев басшылық етеді. Ол 2003-2021 жылдары «Азия Авто» АҚ президенті болған. «Ертіс» ӘКК сайтында активтерді басқару компаниясының директорының фотосы әлі жарияланбаған. Дегенмен оның міндеті активтердің құнын арттырып, оларды өңірдің экономикалық дамуына тарту екені көрсетілген.
«Ертіс» ӘКК сайтының скриншоты
Корпорацияға кейінгі уақытта келген қызметкерлердің бірі - қаржы директоры Еділ Мәдиғұлов. Ол 2026 жылғы сәуірде құжаттамалық қамтамасыз ету және персоналды басқару департаментінің директоры болып жұмысқа қабылданған. Алайда қызмет сатысымен тез көтеріліп, қазір корпорацияның қаржы директоры әрі басқарма мүшесі болып отыр. Жуырда оған тәуекелдерді басқару қызметі де тапсырылғаны айтылды.
Редакцияға хабарласқан қызметкерлердің мәліметінше, оның алдындағы тәуекел-менеджер басшылықтың кейбір мәмілелеріне келіспейтінін білдірген. Оны жұмыстан шығару үшін тіпті қол жинау ұйымдастырылыпты.
– Оған қарсы құжатқа қол қоюдан бас тартқандар аттестациядан бірінші болып өтті. Оларға аттестациядан өту өте қиын болды. Ал тәуекел-менеджер қысымға шыдамай, кейін жұмыстан өзі кетті, - дейді бұрынғы қызметкерлер.
Бәлкім, тәуекел-менеджер тым сақ болған шығар немесе өңірдегі бизнестің дамуына кедергі келтірген болар. Біз мұны білмейміз. Бірақ бір жайт көңілге күдік ұялатады. Редакцияға хабарласқан азаматтардың айтуынша, Еділ Мәдиғұлов «Ертіс» ӘКК басқарма төрағасы Әбіл Донбаевтың туған әпкесінің күйеу баласы.
Егер жұмыстан кеткен қызметкерлердің сөзі рас болса, онда корпорацияның қаржысы, кадрлық шешімдері, тіпті тәуекелдерді басқару тетігі де аз уақыт ішінде бір адамның қолына шоғырланған болып шығады. Оның үстіне ол корпорация басшысымен отбасылық жиындарда үнемі жүздесіп жүреді.
ШҚО әкімдігі сауалымызға жедел жауап берді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жұмыстан кеткен қызметкерлер ұсынған мәліметтер шындыққа жанаспайды, олардың саны асыра көрсетілген.
Шенеуніктердің дерегінше, соңғы үш жылда жұмыс берушінің бастамасымен 12 еңбек шарты бұзылған. Оның ішінде:
9 адам штат қысқаруына байланысты;
1 адам аттестациядан өтпегендіктен;
1 адам зейнетке шығуына байланысты;
1 адам жұмысқа келмегені үшін жұмыстан босатылған.
Ал осы кезеңде өз еркімен 39 адам жұмыстан кеткен. Олардың төртеуі кейін қайтадан корпорацияға жұмысқа алынған, 11-і басқа ұйымдарда жоғары лауазымға ауысқан, бесеуі басқа қалаға көшкен, екеуі ӘКК-нің еншілес немесе тәуелді ұйымдарына жұмысқа тұрған.
– Корпорация қызметінің ауқымы кең болғандықтан, қызметкерлер мол кәсіби тәжірибе жинап, еңбек нарығында сұранысқа ие болады. Олардың арасында мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер де бар. Бұрынғы қызметкерлердің қатарында әкімдік басқармаларының басшылары, қала және аудан әкімдері кездеседі. Еңбек шарттарының басым бөлігі қызметкерлердің өз еркімен, отбасылық немесе мансаптық жағдайларға байланысты тоқтатылған. Мұнда кадрлық жанжалдарға тән белгілер жоқ. Кадрлық өзгерістердің корпорацияның өндірістік және қаржы-шаруашылық жұмысына ықпалы даму жоспарының орындалуын бақылау барысында бағаланды. Теріс әсер байқалған жоқ. 2024-2025 жылдары даму жоспары тиісінше 105 және 106,5 пайызға орындалды, - деді ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сапанов.
Дархан Сапанов. Фото: Kazinform
Алайда әкімдіктің жауабында бір маңызды жайт бар.
Олардың мәліметінше, 2023 жылғы тамыздан бүгінге дейін еңбек шартын тоқтатудың барлық негізін есептегенде, ӘКК-ден 52 адам кеткен. Бұл редакцияға хабарласқан азаматтар айтқан 100 адам емес. Бірақ мемлекеттік активтер мен инвестициялық жобаларды басқаратын шағын ұйым үшін кадр ауысымы аз деп те айта алмаймыз.
Әбіл Донбаевтың өзі редакция сауалына жауап бере отырып, 2021 жылы 11, 2022 жылы 4, 2023 жылы 14, 2024 жылы 15, 2025 жылы 13, ал 2026 жылы 17 еңбек шарты тоқтатылғанын хабарлады. Қалай болғанда да, жұмыстан кеткендер санының көбейгені байқалады.
Тағы бір назар аударарлық жайт: 2020 жылдан 2026 жылға дейін ӘКК-нің бұрынғы қызметкерлері еңбек инспекциясына бірде-бір рет шағымданбаған. Ал биыл бірден екі өтініш түскен. Біріншісі сыйақының төленбеуіне қатысты болса, екіншісі еңбек шартын тоқтату және сыйақыны бермеу мәселесін қамтыған. Екі өтініш те тіркелген. Бірінші іс бойынша сот ӘКК-ні қызметкерге «ұмыт қалған» сыйақысын төлеуге міндеттеген. Екінші өтініш бойынша тексеру әлі жалғасып жатыр.
Әкімдік пен ӘКК активтер департаментінің қайта құрылуына да түсініктеме берді. Олардың айтуынша, бұл өзгеріс «Азия Автоның» бұрынғы мүлкін ӘКК-ге беруімен байланысты. Алайда жағдай біз ойлағандай болмаған. Аяқталмаған зауыт ӘКК-ге берілгеннен кейін әкімдік осы аумақта арнайы экономикалық аймақ құру туралы шешім қабылдаған.
– Бұған дейін корпорацияның міндеттеріне арнайы экономикалық аймақтарды құруға және басқаруға қатысу, олардың инфрақұрылымын дамыту арқылы инвестициялық жобаларды тарту мен іске асыруға жәрдемдесу кірмеген.
Сондықтан атқарушы органның бастамасымен корпорацияның жаңа құрылымы бекітілді. Соған сәйкес активтер департаменті таратылып, оның орнына Активтерді басқару компаниясы құрылды, - дейді «Ертіс» ӘКК басшысы Әбіл Донбаев.
Әбіл Донбаев. Фото: Zakon.kz
Оның айтуынша, жаңа заңды тұлғаның құрылуы облыс бюджетіне де тиімді болған. Басқарма төрағасының орынбасары, аппарат басшысы, корпоративтік хатшы, тәуекел-менеджер және үш департамент директорының лауазымы қысқартылған. Соның нәтижесінде еңбекақы төлеу қоры 14,6 пайызға азайған.
Дархан Сапанов та осыған ұқсас мәлімет келтірді. Бір қарағанда, бәрі қисынды: ӘКК жаңа активтер алды, оларды басқару үшін жеке құрылым құрды, сонымен бірге басқару аппаратын оңтайландырды. Алайда бірнеше сұрақ жауапсыз қалып отыр.
Біріншіден, әкімдік жауабында берілген мүліктің құны көрсетілмеген. Бұрынғы қызметкерлер оның құны шамамен 20 млрд теңге екенін айтқан. Бірақ шенеуніктер бұл соманы растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Екіншіден, кадрлық есептің қалай шыққаны түсініксіз. Бұрынғы департаментте төрт адам жұмыс істесе, жаңа басқарушы компанияда сегіз штаттық орын қарастырылған. Онда еңбекақы төлеу қоры 14,6 пайызға қалай қысқарды?
Үшіншіден, жаңа құрылымның басшысы Ержан Мандиевке қатысты сұрақ бар. Еске салсақ, ол 2003-2021 жылдары «Азия Авто» АҚ-ны басқарған. Өзі басшылық еткен кезде банкротқа ұшыраған компанияның мүлкін енді экономикалық айналымға енгізе ала ма?
Әкімдіктің қаржы директоры Еділ Мәдиғұловқа қатысты жауабы да назар аудартады. Еске салсақ, бұрынғы қызметкерлер оның Әбіл Донбаевтың туған әпкесінің күйеу баласы екенін айтқан.
Әкімдік ресми жауап берді:
- Мәдиғұлов Е.А. жұмысқа қабылданған кезде тиісті комплаенс-тексеру жүргізіліп, комплаенс-офицердің есебі ұсынылған. Тексеру барысында оның Донбаев А.Б.-мен туыстық байланысы немесе өзге де мүдделер қақтығысы анықталған жоқ, - делінген ШҚО әкімінің бірінші орынбасарының жауабында.
ӘКК-ден де дәл осындай жауап келді. Алайда Әбіл Донбаевтан «Жоқ, ол менің күйеу балам емес» деген нақты жауап ала алмадық.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасы бойынша «әпкесінің күйеу баласы» жақын туыс санатына жатпайды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге жақын туыстарының, жұбайының немесе жекжаттарының тікелей бағынысында болатын лауазымдарды атқаруға тыйым салынған. Жекжаттарға жұбайының ата-анасы, туған аға-інілері мен әпке-сіңлілері, сондай-ақ балалары жатады. Ал күйеу баласы бұл тізімде жоқ. Сондықтан ӘКК қаржысына корпорацияның бірінші басшысына туыстығы алыс болса да, жақын адам билік жүргізіп отырған болуы мүмкін.
Әкімдік корпорацияның тиімділігіне күмән келтіруге негіз жоқ екенін алға тартады. Дәлел ретінде даму жоспарының орындалу көрсеткіштерін келтіреді. ӘКК-ге инвестициялық жобалар, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және мемлекеттік активтерді басқару бағыттары бойынша тоғыз негізгі тиімділік көрсеткіші бекітілген. Әкімдіктің мәліметінше, корпорация даму жоспарын 2023 жылы 93,4 пайызға, 2024 жылы 105 пайызға, ал 2025 жылы 106,5 пайызға орындаған.
ӘКК жұмысына соңғы баға 2026 жылғы 31 тамызда берілген. Қаржылық көрсеткіштер де өскен. 2023 жылы корпорацияның таза пайдасы 27 млн теңге болса, 2025 жылы 104,4 млн теңгеге жеткен. Осы кезеңде салық түсімдері 185,2 млн теңгеден 250 млн теңгеге жуықтаған.
Әкімдік мәліметінше, 2023 жылдан бері ӘКК қатысатын инвестициялық жобалар саны тоғыздан 15-ке дейін өскен. Инвестиция көлемі 35 млрд теңгеден 58 млрд теңгеге жеткен.
Корпорацияның қатысуымен өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, құрылыс материалдарын шығаратын және суару жүйелеріне арналған жабдық өндіретін үш зауыт іске қосылған. Шенеуніктер жетістіктер қатарында үлескерлер мәселесінің шешілгенін, оларға өтемақы толық төленгенін және бұрынғы Серебрянск бейорганикалық заттар зауытының мүлік кешені экономикалық айналымға енгізілгенін де атап өтті.
Әкімдік 2023-2025 жылдары кадрларды басқару, активтер мен инвестициялық жобаларға қатысты заң бұзушылықтар анықталмағанын ерекше айтты. Сондай-ақ жыл сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілетінін хабарлады. Ол кадр саясатын, еңбек заңнамасының сақталуын және активтерді басқару тәртібін қамтиды.
Дегенмен «Ертіс» ӘКК-нің бұрын да мәселелері болғанын еске салған жөн. Сондықтан корпорацияның жұмысы мінсіз деген мәлімдемелерді бірден қабылдай салуға болмайды. Мәселен, 2025 жылы ӘКК ШҚО Алтай ауданында сүт фермасын салып жатқан инвесторды сотқа берген. Жобаның құны 10 млрд теңге деп бағаланған, оның 4,6 млрд теңгесі мемлекеттік қарыз болған. Құрылыс мерзімі кейінге шегерілгендіктен, корпорация келісімшартты бұзуды талап еткен. Алайда прокуратура араласқаннан кейін ӘКК талап-арызын қайтарып алып, жауапты шенеуніктер тәртіптік жазаға тартылған.
Бұған қоса, Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерулерге сәйкес, «Ертіс» ӘКК-де 3,3 млрд теңгеге қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Олар инвестициялық жоба ретінде көрсетілген, құны 16,6 млрд теңгелік коммерциялық тұрғын үй құрылысына байланысты болған.
Әрине, бұл бұрынғы мәселелер үшін қазіргі басшылық автоматты түрде жауап береді деген сөз емес. Бірақ қаржылық көрсеткіштердің өсуі корпорациядағы барлық жұмыс мінсіз ұйымдастырылғанын өздігінен дәлелдей алмайды.
ШҚО әкімдігі «Ертіс» ӘКК-нің жалғыз акционері екенін және корпорацияның күнделікті жұмысы мен стратегиялық жоспарлау мәселелерін тұрақты қарайтынын еске салды. Қайта ұйымдастыру және құрылымды оңтайландыру туралы шешімдерді директорлар кеңесі мен жалғыз акционер өз құзыреті шегінде қабылдайды.
Әкімдік қызметкерлердің анонимді өтініштері заңнамаға сәйкес қаралмайтынын да хабарлады. Алайда белгіленген тәртіппен рәсімделген арыздар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарды тарта отырып, тексеру жүргізуге дайын екенін жеткізді. Осылайша, біз кадрлық ауыс-түйіс, жаңа басқарушы компанияның құрылуы және қаржы директорының тағайындалуы туралы ресми түсініктеме алдық.
Әкімдік жүзден астам қызметкер жұмыстан кетті деген мәліметті жоққа шығарып, еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзу деректері анықталмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ӘКК жұмысының тиімділігін көрсетуге тиіс көрсеткіштерді ұсынды. Алайда редакция бірнеше маңызды сұраққа жауап ала алмады. Миллиардтаған теңгенің активтерін басқаруға арналған жаңа құрылым құрылған кезде тәуекел-менеджердің лауазымы неге қысқартылады? Қаржылық тәуекелдерді енді кім тәуелсіз бағалайды? Ең бастысы, мемлекеттік мүлік пен бюджет қаражатын басқаратын «Ертіс» ӘКК-де шешім қабылдау жүйесі қаншалықты ашық?
Ulysmedia.kz корпорацияның өзіне берілген мүлікті қалай басқаратынын және оның тиімді пайдаланылуына кім жауап беретінін бақылауды жалғастырады.