Жаңа әлде ескі үй ме: Қазақстан банктері қай баспанаға ипотеканы жиі мақұлдайды

Pixabay.com

2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан банктері жаңа тұрғын үй сатып алуға берілген әрбір үшінші ипотекалық өтінімді мақұлдамаған. Ал қайталама нарықтағы баспанаға несие алуға өтініш бергендердің әрбір оныншысының өтінімі ғана кері қайтарылған. Бұл туралы Ulysmedia.kz Ұлттық банктің деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып алу үшін банктерге 24 658 өтінім түскен. Оның 21 196-сы мақұлданып, 2 430-ынан бас тартылған.

Ал жаңа тұрғын үйлерге қатысты 18 451 өтінім қабылданып, оның 12 551-іне несие беруге келісім берілген. 5 467 өтінім мақұлданбаған. Бұл деректер Ұлттық банктің банктерге жүргізген кредиттеу жөніндегі сауалнамасында көрсетілген.

Осылайша, қайталама нарықтағы баспанаға берілген өтінімдердің 86 пайызы, ал жаңа үйлерге қатысты өтінімдердің 68 пайызы мақұлданған. Банктер жаңа тұрғын үйге ипотека беруден үш есе жиі бас тартқан, яғни қайталама нарықта бас тарту үлесі 10 пайыз болса, жаңа үйлерде бұл көрсеткіш 30 пайызға жеткен.

Ипотекалық несие беру көлемі бойынша да қайталама нарық алда. Үшінші тоқсанда берілген 39 059 ипотекалық несиенің 22 532-сі (58%) бұрын пайдаланылған тұрғын үйді сатып алуға, ал 11 293-і (29%) жаңа пәтерлерге рәсімделген.

Қайталама нарықтағы пәтерлерге берілген несиенің орташа сомасы 21,6 млн теңге болса, жаңа тұрғын үйге арналған ипотеканың орташа мөлшері 22,5 млн теңгені құраған.

Ипотека мақұлдау қиындап барады

Жалпы ипотекалық кредиттеу бойынша жағдай бұдан да күрделі. Үшінші тоқсанда банктерге 271 мың өтінім түскен. Бұл екінші тоқсанмен салыстырғанда 19 пайызға көп. Алайда олардың тек 29 пайызы ғана мақұлданған. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 4 пайыздық тармаққа төмен.

Алғашқы және қайталама нарық бойынша бөлінген өтінімдердің саны небәрі 43 мың болған. Қалған өтінімдерді банктер тұрғын үй нарығының түріне қарай жіктемеген.

– Жекелеген банктер мұны клиенттер ағынының көбеюімен, соның ішінде несие төлеу қабілеті шектеулі клиенттер санының артуымен байланыстырады, – делінген Ұлттық банк шолуында.

Сонымен қатар ипотекаға деген сұраныс төмендеген. Банктер мұны ірі қаржы ұйымдарының бірі мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландыруды уақытша тоқтатуымен және қазақстандықтардың бір бөлігінің баспана сатып алуды кейінге қалдыруымен түсіндіреді.

Ипотекалық несие шарттары да қатаңдаған. Бір ірі банк жалақысын осы банктен алмайтын клиенттер үшін пайыздық мөлшерлемені көтерсе, тағы бір банк ипотека сомасының жөндеу жұмыстарына жұмсалатын бөлігін 20 пайызбен шектеген.

Төртінші тоқсанда сұраныс артуы мүмкін

Банктер төртінші тоқсанда ипотекаға сұраныс айтарлықтай өседі деп болжап отыр. Бұған ірі банктердің бірінің мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландыруды қайта бастауы және орташа банктердің құрылыс компанияларымен серіктестік бағдарламаларын кеңейтуі себеп болмақ.

Сізге қызық болуы мүмкін