Орал қаласы және Бөрлі ауданының Ақсай қаласы орталығының көшелері және тұрғын үй аулаларын су басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Төтенже жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 28 ақпан 16.00-ден 23.00-ге дейін +2 температура режимінде қар қарқынды еріген.
“Еріген қар суын бұру және сору жұмыстары жүргізілді. Көшелер мен аула аумақтарынан барлығы 933 текше метр су сорылып, 5100 текше метр қар шығарылды. Барлық жедел ақпаратты облыстың ТЖД жедел су тасқынына қарсы штабы және Орал қаласы мен аудандардың әкімдіктері өңдейді. Су тасқыны кезеңінің өтуіне бақылау жүргізілуде”, – делінген ведомство хабарламасында.
Көшелер мен аула аумақтарында Төтенше жағдайлар департаментінен 11 қызметкер, 2 бірлік техника, жергілікті атқарушы органдардан 25 адам және ЖАО 23 бірлік техника жұмылдырылған.
Еске салсақ, кеше Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин республиканың 255 елді мекенін су басуы мүмкін екенін мәлімдеген.