Ақтөбеде Ойыл өзені тасып, Қаратал ауылын су басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Ойыл ауданы Қаратал ауылында бұған дейін тасқынға қарсы жұмыстар жүргізілген. Адамдар ауыл маңындағы бөгетті бекітіп, күзетшілікке тұрды. Алайда бүгін түстен кейін су бөгітті бұзып өтті.
Қазір ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланып жатыр.
«Олар Қаратал ауылындағы мектепке орналастырылды. Сонымен бірге бөгеттің бұзылған бөлігін бекіту жұмысы жүріп жатыр. Қала мен жақын маңдағы аудандардан төтенше жағдайлар қызметкерлері жұмылдырылды», - деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев.
Айта кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су тасқыны салдарынан 200-ден астам адам туыстарының үйін паналауға мәжбүр болғанын жазғанбыз.
Ал Ақтөбе облысында бір тәулікте 50-ден астам үйді су басты.