Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев әлеуметтік көмірді бизнес субъектілеріне сату фактілері жайлы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Өткен кезеңдегі тәжірибе көрсеткендей, жылу маусымы қызған шағында әлеуметтік көмірдің сату нүктелерінен шетке кету фактілері орын алды. Мәселен, еліміздің 5 өңірінде 400 мың тоннаға жуық көмір шетке кетті. Әкімдіктер тарапынан бақылаудың болмауына байланысты бірқатар өңірлік операторлар әлеуметтік көмірді мақсатсыз, яғни бизнес субъектілеріне сата бастады», - деді ведомство басшысы.
Министрдің атап өтуінше, алдағы жылыту кезеңінде коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында көмір өндіруші кәсіпорындарды қоспағанда, көмірді автокөлікпен және теміржол көлігімен әкетуді шектеуге бағытталған алдын алу шаралары қабылданып жатыр.