Петропавлда 30-ға жуық саяжайды су басты

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото: mobillegends.net

Ведомство мәліметінше, Есіл өзенінің 16 сәуірден 17 сәуірге қараған түні арнасынан аса бастаған. Қазір «Челябі-Новосібір» халықаралық маңызы бар автомобиль жолы жабылған. Ол жерге бекет қойылып, техника жеткізіліп, полиция мен құтқару қызметі кезекшілік атқарып жатыр.

«Жолдың бойына арнайы ескерту белгілері қойылды. Қазіргі уақытта трассаны басқан судың ені 120 метр, тереңдігі 30-35 см шамасында. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Петропавлда 5 мыңға жуық саяжай учаскесі бар. Қазір мониторинг жүргіземіз. Әзірге қала бойынша 20-30 саяжай учаскесін су басты. «Речпорт», «Учитель» саяжай қоғамдастығы, Мичурино елді мекенінде «Первенец» саяжай қоғамдастығы біздің бақылауымызда», - дейді басқарма басшысы Назымбек Елемесов.

Ол тұрғын үйлерге келер қауіп жоқ екенін айтты. Ал саяжай учаскелерінің су астында қалуы жылдағы жағдай дейді.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, Есіл өзені суының деңгейі Петропавл маңында бір тәулікте 16 см көтерілді. Осылайша 994 см жетті.